Қытайлық кәсіпкерлер Caspiy Lana Atyrau-ды клиентсіз қалдырды

1713

Зауыттың 616 млн теңге қарызы бар.

Қытайлық кәсіпкерлер Caspiy Lana Atyrau-ды клиентсіз қалдырды

"Caspiy Lana Atyrau" ЖШС Атырауда 2014 жылы шаруалардан малдың терісі мен жүнін қабылдап, одан көрпе-төсек, киім-кешек жасап шығару мақсатында құрылған болатын. Жобалық қуаты жылына 350 тонна қой, 100 тонна түйе жүнін өңдеуге қуатты мекеме "Атырау" ӘКК арқылы облыс бюджетінен 2,3 млрд теңгеге қаржыландырылған. Қазіргі күні зауыт 20 пайызға ғана жұмыс істеп тұр екен, оның үстіне "Атырау" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 616 млн теңге қарызы жиналып қалған.

Обалы нешік, "Caspiy Lana Atyrau" алғашқы қадамын оң бастаған еді. Атырау ғана емес, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отырып, малдың жүні мен терісін көптеп қабылдай бастаған. Мәселен, 2018 жылы Маңғыстау облысының шаруа қожалықтары 10 тонна түйе жүні мен 50 тонна қой жүнін жеткізбек болып келіскен. Алайда, іс жүзінде бұл айтылғанның бір бөлігі ғана орындалып, қалғанын мал иелері қытайлық кәсіпкерлерге "Caspiy Lana Atyrau" ұсынғаннан екі есе қымбат бағаға сатып жіберген. Кейін Қызылорда облысының қожалықтары да өнімдерін Қытайға өткізе бастады.

Осылайша, қолда бар шикізат арзан бағамен шетелге экспортталады да, оның өңдеуді ниет еткен кәсіпорын қажет материалдарын сырттан сатып алады. Басқа елдерден келген тауардың өнімдік құны жоғары болғандықтан, мекемеге қымбатқа түсіп, кейін дайын өнімнің бағасын да өсіріп жібереді.

Мұнайлы өңірге келген ҚР Парламент Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Серік Жақсыбеков бастаған топ кәсіпорын жұмысын көзбен көріп, осы жайдың бәріне қанықты. Өздерінің берешегі барын жасырмаған "Caspiy Lana Atyrau" ЖШС директоры Назгүл Есмаханова салықтық каникул беріп, несие бойынша өсім жойылса, кәсіпорынды аяғынан тұрғызып жіберуге үлкен көмек болар еді дейді. Сондай-ақ, ол осындай өңдеуші мекемелер мен өндірушілер арасында тікелей байланыстың болуы және тапсырыстың тұрақты орындалып тұруы үшін сатып алу жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізу керек деген пікірде.

"Бұрын Қазақстанда жалпы ішкі өнімінде жеңіл өнеркәсіптің үлесі 20 пайыз құраған. Қазір, өкінішке қарай, бір пайызға да жетер-жетпес. Еліміздің барлық өңірлерін аралай жүріп байқағаным, бізде шикізат көзі көп, тек жұмысты дұрыс ұйымдастырып, тері, жүн өнімдерін тиімді пайдалана білсек – бұл нағыз табыс көзі болар еді. Олардан түрлі тауарлар жасауға, балаларға, әскерилерге киім тігуге, Атыраудың жағдайында мұнай кәсіпшіліктерін жұмыс киімімен қамтамасыз етуге  болады", – дейді Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Манап Көбенов.

Мұнайлы аймаққа сапарға барысында ортаға салынған мәселелер наурыз айындағы Парламенттік тыңдауда талқыланбақ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу