Қыздарға қол көтермеуді ер балаға ерте жастан түсіндіру керек – Мәулен Әшімбаев

603

Парламенттің жоғарғы палатасы балалар мен әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заңнаманы әрі қарай күшейтуге  дайын. 

Қыздарға қол көтермеуді ер балаға ерте жастан түсіндіру керек – Мәулен Әшімбаев Фото: liter.kz

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев кулуарда айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Тілшілер "Парламенттің балалар мен әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық тұрғыда қаншалықты жұмыс атқарып жатқанын" сұрады.

"Соңғы жылдарда осындай жағымсыз қылмыстық мәселелердің алдын алу үшін заңнаманы өзгерткенбіз. Тиісті Қылмыстық Кодекстің баптарын өзгертіп, осындай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейттік. Сіз айтып отырған жағдай (авт. – Қуандық Әшімбаевтың ісі) бұл үлкен қылмыс. Оны тергеу органдары анықтайды. Әрі қарай сот жазаны да, жауапкершілікті де белгілейді", - деді ол.

Сенат спикері мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бірнеше мәселеге көңіл бөлу керек екенін жеткізді.  

"Егер заңнаманы әрі қарай күшейту керек болса, біз оған дайынбыз. Қоғамның сондай талабы болса, мамандармен ақылдаса отырып, бұл қадамдарға да барамыз. Бірақ тек заңнаманы өзгертумен бұл мәселені шешуге болмайды. Жалпы заңдарды ғана қатайтқаннан, бұл мәселе шешіліп кетпейді. Сонымен қатар жалпы азаматтардың арасындағы бір мәдениеттің деңгейін де көтеру керек сияқты. Жалпы елімізде осы бағыттарда  азматтарымыздың мәдениетіне қатысты да үлкен жұмыстарды жүргізу керек. Тиісті министрліктер, мемлекеттік органдар жұмыстарды атқарып жатыр, бірақ бұл жеткіліксіз шығар", - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, бұл мәселеде түсіндіру және ағарту жұмыстары ауадай қажет. 

"Сондай-ақ жастар арасындағы, мектептердегі, университеттердегі тәрбиелеу жұмыстарын күшейту керек шығар деп есептеймін. Өйткені көп нәрсе тәрбиеге байланысты. Тәрбиені бала кезден қалыптастыруымыз керек. Қыздарға қол көтермеу керек деген мәселені ерте жастан ер балаларға түсіндіруіміз керек. Бұл жерде үлкен тәрбие жұмыстарындағы олқылықтарды да көріп тұрмыз десек артық болмайтын шығар. 

Еске салайық, осыған дейін Ішкі істер министрлігі экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растаған болатын. Бұрынғы шенеунік әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу