Қызылордада тұңғыш рет бүйрек трансплантациясы жасалды

Науқас – 25 жастағы жігіт. 

Қызылордада тұңғыш рет бүйрек трансплантациясы жасалды Фото: Көпбейінді облыстық аурухана

Өкінішке қарай, Қазақстандағы трансплантацияның 90 пайызына тірі адамдар донор болған.

Мамандардың айтуынша, дүниежүзілік статистикада мәйіттік донордың үлесі көп болуы керек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қызылордада алғаш рет 25 жастағы еңбекке қабілетті азаматқа бүйрек трансплантациясы жасалып отыр. Донор болған – өзінің ағайыны. Ем алушы Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы реципиент пен донор арасындағы генетикалық байланысты растайтын этикалық комиссиядан өткен. Комиссия құрамында заңгерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері болған.

"Үш жыл бойы жасанды бүйрек аппаратына тәуелді болып жүрген науқас үшін бұл – көптен күткен оқиға. Бұрынғы толыққанды өмірге оралуды, диализ орталығына тәуелділік, уақыт пен тамақтануға байланысты шектеулерден босап, жұмыс істеуге, қалыпты өмір сүруге мүмкіндік береді", - деп жазды Көпбейінді Қызылорда облыстық ауруханасы ресми парақшасында.

Трансплантацияның Қызылорда қаласында жасалуына А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығынан арнайы келген Болатбек Бимендіұлы жетекшілік ететін трансплантологтар командасы қолдау білдірді.

"Соңғы 11 жылда туыстық донор тәсілі арқылы елімізде бүйрек трансплантациясы жоғары деңгейде қойылды. 3000-ға жуық трансплантация жасалды, оның ішінде бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, т.б. бар. Бірақ соның 90 пайызға жуығы – тірі донор. Дүниежүзілік статистика бойынша 80 пайызы мәйіттік донор болуы керек. Өкінішке қарай, ол біздің елімізде дамымай жатыр. Оған себеп те бар. Соны ескере отырып, өзгеріс енгізіп деп жатырмыз. Содан кейін мәйіттік донор өз қарқынында болады деп ойлаймыз. Кезекте тұрған адамдардың жағдайы күн сайын өзгеріп, кейбірі қайтыс болып жатыр. Соның бәрін ескеріп, дүниежүзінде туыстық донор трансплантациясын енгізілді. Жалпы, трансплантация тәсілі басқа ем жоқ кезде қолданылады. Бұл уақытша өмір сүруін созуға мүмкіншілік береді. 10 жылдық өмір сүру мерзімі 5 пайыздан басталады", - дейді Болатбек Бимендіұлы.

Өз кезегінде көпбейінді облыстық аурухананың дәрігерлері отаға қатысып, тәжірибе алмасты. Бүйрек ауыстыру отасын алдағы жылы да жалғастыру жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу