Қызылордалық кәсіпкерлер алдағы жоспарларымен бөлісті

1967

Баласауысқандық кең орнындағы "Қаратақта тасты автоклавты өңдеу" жобасы ілгерілемей тұр.

Қызылордалық кәсіпкерлер алдағы жоспарларымен бөлісті

Қойнауы байлыққа толы Ақмешіт атырабында тиімді тетіктерді ұсынсаң кез-келген инвестор қаржы салуға кетәрі емес. Мәселен, биыл аймаққа 230 млрд теңге инвестиция тартуға тиіс болса, ол жоспар 239 млрд-пен артық шықты. Ендігі келер жылдың межесі – 586 млрд теңге. Өңірлік кеңесте алдағы жұмыстар төркіні таразыланып, жаңа жобалар таныстырылды.

Инвестор тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту облыстың алдыңғы кезекте атқарар басымдық жұмыстарының бірі. Осыған орай, Өңірлік кеңес отырысында бірқатар кәсіп иесі портфеліндегі жобасымен бөлісті. Мәселен, жаңақорғандық кәсіпкер құс фермасын салуды көздеп отыр. Келер жылдың қыркүйегінде өндіріс орны толығымен іске қосылмақшы. Бүгінде дайындық жұмыстарына әзір.

"Ең жоғарғы сапалы құрал-жабдықтарды алуға тапсырыс беріп қойдық. Алдын-ала 30% ақшасын төлеуді бастадық. Құрылыс жұмыстарына 500 миллион теңге бөліп, жұмысты бастап кеттік", - дейді "Абдулла" ШҚ директоры Әбілхан Тәжімбетов.

Статистиканы сөйлетсек, аймақ тұрғындары жылқы, сиыр, қой етінен бөлек құс етін көп тұтынады екен. Себебі де түсінікті, қанаттылардың келісі төрт түліктен бірнеше есе арзан.

"Жергілікті құс шаруашылығымен айналысатындар облыс халқын құс етімен тек 3-ақ пайызбен қамтиды екен. Қармақшыдағы құс фабрикасы әлі бітпей тұр. Оны бітіруіміз керек. Сіздің жобаны қолдаймыз. Аймақты құс етін өндіруді 20-30 пайызға жеткізуіміз керек", - деді  облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Шиелілік кәсіпкер Насыр Мырзабек құс фабрикасын кеңейткісі келеді.

"Біздің өңірде қанаттыларды бағып күтетін маман аз. Оны осы істің барысында  байқадым", - дейді ол.

"Бүгінгі таңда 20 мың бас тауықты күтіп, баптап, тәулігіне 16 мың жұмыртқа алып отырмыз. Осы құс шаруашылығын, құс басын көбейту үшін қаржы институттарына өтінім беріп жатырмыз", - деді "Мөлдір және К" ТС директоры Насыр Мырзабек.

Сондай-ақ ол, банктерден несие алу әлі күнге дейін қиындық туғызып жатқанын, шаруаларға жеңілдік болса дейді.

Аймақта айна өндіруді "Дана кварц" серіктестігі қолға алмақшы. Ол үшін өндіріс зауыты шыны зауытымен іргелес болуға тиіс. Осы мақсатқа 5 гектар жер сұрады.

"М 0 маркалы шыны өндіріп, айна шығармақпыз. Республикада айнаның 1 шаршы метрі шамамен 1,5 долларға шығады. Айнаны өзімізден шығарсақ ұтылмаймыз. Бізге арнайы аймақтан жер беріп, қолдау көрсетілсе", - деген ұсынысын айтты серіктестік жетекшісі Мамадияр Қадірбеков.

Бұл мәселе алдағы уақытта шыны зауытының айналасынан ашылатын ілеспе өндіріс орындарымен бірге шешілмек.

Ал Шиелідегі Баласауысқандық кең орнындағы "Қаратақта тасты автоклавты өңдеу" жобасы ілгерілемей тұр. Жобаға жауапты "Фирма Балауса" ЖШС директоры Андрей Кузнецов қажетті қондырғылардың кешеуілдеп жатқанын, Канада мен Австралиядан келетін тиісті мамандардың пандемияға байланысты келе алмағандығын және Лондан қор биржасында ванадий бағасының 4 жарым есеге төмендеп кеткенін алға тартты.

Облыс әкімі өз кезегінде тау кен комбинатының құрылысын енді кейінге қалдыра алмайтынын, бұл мәселе бойынша құзырлы министрлікке ұсыныс беретінін айтты.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу