Лицензиясынан айырылған университет студенттері қайда оқып жатыр?

1449

2020 жылдың қазанында білім және ғылым министрлігі академияны бас лицензиясынан айырған еді.

Лицензиясынан айырылған университет студенттері қайда оқып жатыр?

Алматыдағы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының 1,5 мыңнан аса студенті басқа университке ауысқан. Бұл туралы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, жоғары оқу орнында 5 мыңнан аса студент білім алып жатқан.

"Бүгінде 1,5 мыңнан аса студент басқа университетке ауысты. Оның ішінде Алматы энергетика және байланыс университеті, Алматы технология унивеситеті, Халықаралық білім беру корпорациясы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті бар. Алайда  студенттерді басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру жұмысы толық аяқталған жоқ", - деді комитет төрайымы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Гүлзат Көбенова университетте мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттердің гранты сақталғанын атап өтті.

"Жоғары оқу орындарының арасында оқу ақысы бойынша келісімшартқа қол қойылды. Ол сақталатын болды. Ал академияның оқытушылық құрамы тиісті сағаттармен қамтамасыз етілді", - деді ол.

Еске салайық, 2020 жылдың қазанында білім және ғылым министрлігі Алматыдағы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиясынан айырған еді.

Министрлік жыл бойы академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, білім беру саласында бірқатар өрескел заңбұзушылық анықтаған.

Айта кетейік, Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында 5 мыңнан аса студент оқыған. Оқу құны білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 миллион теңгеге дейін болған.

Академиядағы бакалавриаттың 8 бағыты, магистратураның 6 бағыты, докторантураның 4 бағыты бойынша лицензиялар Алматыдан басқа 30 университетте бар.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу