Made in Uzbekistan: Қазақстан қойының терісі қайда?

359

Made in Uzbekistan таңбасы бар тауарлар базарларды жаулап барады.

Made in Uzbekistan: Қазақстан қойының терісі қайда? Фото: ortalyq.kz

Отандық нарықта, әсіресе, өзбек киімі мен бәтеңкесі қаптап кетті. Елдегі әр екінші аяқ киім осы оңтүстіктегі көршіміздікі саналады. Ал бәтеңкелерді тігетін былғарыны бізден алады. Демек, Қазақстан теріні жамай алмай, яғни кәдесіне жарата алмай, ұтылып отыр. Енді өзбектер бірлескен кәсіпорындар ашуға ниетті. Ол қайда қазығын қағады және бізде өңдеу ісі неге ақсап тұр?

Бұл зауытта күніне 1000-нан астам ірі қараның терісі өңделіп, дайын былғары шығады. Яғни жылына 600 мың шаршы шақырымнан астам тері өңделеді. Қазір өзбектерге өңдейтін тері жетпей жатыр екен. Ал бізде ірі қара терісінің 81 пайызы шіріп, қоқысқа кетеді. Қой-ешкі терісінің жағдайы тіпті нашар. Былтыр 8 миллиондай тері не өңделмей, не сатылмай құрып кеткен. Енді көршіміз шикізатты Қазақстаннан арзан бағаға импорттап, өзімізге дайын өнімді еселеп сатпақ.

"Өндірстік қуат артқан сайын өзіміздегі шикізат жетпей жатыр. Жақында Шымкентке барып мал терісін экспортттауға қатысты келіссөздер жүргіздік. Алдағы уақытта Қазақстаннан импорттаймыз деп отырмыз. Ал дайын былғарыға келсек, біздің ең ірі сатып алушылармыздың қатарына Қытай, Ресей мен Қазақстан кіреді", - дейді кәсіпорын директоры Мумунбек Каримов.

Былғарыдан бөлек бұл кәсіпорын аяқ киім тігумен де айналысады. Жалпы еліміз Өзбекстанның аяқ киім экспортында да ең ірі сатып алушы. 4 айда көршіміз 8,4 миллион бәтеңке сатса, соның 4 миллионнан астамы Қазақстанға кеткен.

"Бір күнде 1200-1500 аяқ киім тігеміз. Жылына 200 мың жұпқа дейін дайын өнім шығарамыз. Барлық аяқ киім былғарыдан жасалады. Ересектердің аяқ киіміне сұраныс көп болған соң соны тігеміз, әзірге балаларға шығармаймыз", - дейді аяқ киім тігу цехының бригадирі Махфират Мирзаева.

Қазақстанда өзбекстандық аяқ киімдерге сұраныс көп. Сондықтан еліміз өзбек кәсіпкерлеріне арнайы индустриялды аймақтарда 3 пайыздық жеңілдікпен жер бермек. Оған қоса, Қазақстан өңделген былғарының импортын арттыруға ниетті.

Елімізде тері өңдейтін кәсіпорындар саусақпен санарлық. Саланы дамытуға мемлекеттік қолдау жетпейді,-дейді мамандар. Теріні өңдеу түгілі оны шикізат күйінде сатуды да жарытпай отырмыз. Бір жағынан малдың екпесі түгел емес, екіншіден бордақылаудағы қателіктерден терінің сапасы стандарттарға сай келмей, баға түсіп кеткен. Қазір Өзбекстанның терілері Қытайда 50 долларға саудаланып жатыр. Ал Қазақстандағы ең сапалы дегенінің бағасы 30-35 доллардан аспайды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу