Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақ боксшы Мадияр Әшкеевтің (13-0, 6 КО) 9 қараша АҚШ-тың Гавайан Гарденс қаласында өтетін жекпе-жегіне қарсыласы тағы да ауысты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бастапқыда қазақстандық 33 жастағы жергілікті боксшы Клеотис Пендарвиспен (21-5-2, 9 КО) WBC тұжырымы бойынша АҚШ чемпионы (USNBC) титулы үшін жұдырықтасу керек болатын.
Кейін Әшкеев мексикалық Фернандо Кастанедамен жекпе-жек өткізеді деген ақпарат жарияланды. Он раундқа есептелген жекпе-жекте қандайда бір титул сарапқа салынатыны туралы мәлімет болмады.
Ал енді Мадияр жаңа қарсыласын таныстырды. Келесі жекпе-жегін қазақ боксшы 38 жастағы америкалық Уолтер Райтпен (17-8, 8 КО) өткізеді. Он раундқа есептелген кездесуге бірінші орта дивизиондағы WBC тұжырымы бойынша АҚШ чемпионы (USNBC) титулы сарапқа салынады.