МАЭК-те құрал-жабдықтардың 80%-ы тозған

347

Әлихан Смайылов МАЭК-тің жылу беру маусымына дайындығымен танысты.

МАЭК-те құрал-жабдықтардың 80%-ы тозған Фото: primeminister.kz

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында "Каспий" су тұщыту зауытын жаңғырту және МЭК-тің алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Премьер-Министрге "МАЭК" ЖШС бас директоры Жасұлан Сүйіншалиев кәсіпорынның ағымдағы дайындығы және оны одан әрі жаңғырту жоспарлары туралы баяндады. МАЭК – біртұтас энергетикалық және су өндіруші кешен, оның негізгі міндеті – Маңғыстау және Атырау (ішінара) облыстарын электр энергиясымен, ал, Ақтау қаласын жылу энергиясымен, ауызсумен, ыстық және техникалық сумен қамтамасыз ету. Мұндағы төтенше жағдайларға алып келіп отырған негізгі құрал-жабдықтардың тозуы 80%-дан асады.

Биыл кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әбден тозығы жеткен құрылғыларды ауыстыру үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен 2,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша жаңа жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға ҚР Үкіметінің резервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жабдықтарды жеткізушілермен келісім-шарттар жасалды, олар осы жылдың қараша-желтоқсан айларында жеткізіледі.

Әлихан Смайыловқа ЖЭО жабдығының едәуір тозуына байланысты 2024 жылы №3 энергоблокты ішінара жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланғаны туралы баяндалды. Сондай-ақ 2025 жылы №2 энергоблокты және 2026 жылы №1 энергоблокты толық жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Жылу электр орталығының бас ғимаратындағы аяқталмаған құрылыс алаңында №4 энергоблок салу жоспарланып отыр. Құрылыс алаңына барлық қажетті инженерлік коммуникациялар тартылған. Іске асыру мерзімі – 2027 жылдың 4-ші тоқсаны. Жалпы, қолданыстағы энергоблоктарды жаңғырту және жаңаларын салу есебінен генерация тұтастай алғанда 420 МВт-қа артады деп күтілуде.

Бұл ретте, екі су жылыту қазандығының құрылысы мен 1-ЖЭО-дегі №7 қазандық агрегатын, сондай-ақ №10 қазандық агрегатын жаңғырту және 2-ЖЭО-дағы №7 турбоагрегатты конденсаторлық турбинаға ауыстыра отырып қайта жаңарту сынды жобалар бойынша қазіргі таңда техникалық құжаттар дайындалып, Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.

Премьер-Министр апатты жағдайдағы жабдықты ауыстыру комбинаттың техникалық жағдайын жақсартып, жұмыс қабілетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Яғни, генерациялық қуат көздерінің өшіп қалуы және тұтынушылар үшін шектеулерді енгізу сияқты тәуекелдер барынша азаяды. 

"Облыс әкімдігі жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын бақылауды қамтамасыз етуі қажет", — деді ол.

Бұдан әрі Үкімет басшысына "Каспий" су тұщыту зауыты" ЖШС директоры Нұрлыбай Аққұлов зауыт өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізу жұмыстары туралы баяндады.

Нысанды жаңғыртуға мемлекеттік бюджеттен 12 млрд теңгеден астам, ал Үкімет резервінен – қосымша 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, қазіргі таңда жоба бойынша құрылыс жұмыстары 90%-ға орындалды. Сондай-ақ зауытта жаңа сорғы қондырғылары, суды алдын-ала тазарту сүзгілері, суды минералдандыруға арналған сүзгі-кондиционерлер, араластыру камералары, электр желілері мен трансформаторлық қосалқы стансалар орнатылған.

Әлихан Смайылов Мұнайлы және Қарақия аудандарының елді мекендері үшін ауызсудың негізгі көзі дәл осы зауыт болып отырғанын атап өтті. Қазір оның қуаты тәулігіне 20 мың текше метрді құрайды. Ол 180 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етеді.

"Халықтың жыл сайынғы өсімін, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауында туристік кластердің дамуын ескере отырып, ауызсу өндірісін ұлғайту мәселесі аса өзекті. Осыған байланысты Президент "Каспий" тұщыландыру зауытын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасын іске асыруды тапсырды. Үкімет тарапынан қажетті қаржылық қолдау көрсетілді. Облыс әкімдігіне осы жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау қажеттігін тағы да еске саламын, жаңа жылдан бастап халық сумен қажетті көлемде қамтамасыз етілуі тиіс", — деді Премьер-Министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу