Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, қант диабеті, гипертония, жүрек-қантамыр жүйесі мен созылмалы өкпе және қатерлі ісік аурулары бар егде адамдардың COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты эндокринология курсының жетекшісі, медицина ғылымының кандидаты Лаура Даниярованың айтуынша, осы санаттағы науқастарға карантин кезеңінде аса сақ болуы керек.
"Қандағы қанттың көбеюі кез-келген инфекциялық агенттердің, соның ішінде вирустың да өсуі мен дамуына "қолайлы" қоректік орта болып табылады. Қант диабетімен ауыратын адамдар вирустық инфекцияға шалдыққан кезде, індет асқынуы мүмкін. Сондықтан олар коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту үшін сақтық шараларына баса назар аударуы қажет", – дейді Лаура Бақытжанқызы.
Сонымен қатар дәрігер бұл санаттағы науқастарға дұрыс тамақтанып, белсенді болу керектігін ескертеді.
"Қуырылған тағамдарды тұтынбауға тырысыңыз. Сонымен қатар қант, көмірсулар мен майларға бай тағамдарды тұтынуды шектеп, майы аз балық, ет, жұмыртқа, сүт, бұршақ сияқты тамақ түрлеріне басымдылық беріңіз. Жасыл жапырақты көкөністерді, жемістерді жеуге тырысыңыз. Бұдан бөлек белсенді болып, үйде жаттығулар жасаңыз", – дейді Лаура Бақытжанқызы.
Халықаралық қант диабеті федерациясы осы санаттағы науқастарға коронавирустың алдын-алу бойынша ұсыныстар жариялаған болатын:
- Қандағы глюкоза деңгейін бақылауға ерекше назар аудару керек;
- Тұмау белгілері болған жағдайда (дененің қызуы, жөтел, ентігу), міндетті түрде дәрігерге қаралу керек;
- Диабетке қарсы қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті екеніне көз жеткізіңіз;
- Егер бірнеше апта бойы оқшаулануыңыз керек болса, қажет заттарды түгендеп алыңыз;
- Егер жалғыз өмір сүретін болсаңыз, сіздің қант диабетімен ауыратыныңызды білетін сенімді адамның бар екендігіне көз жеткізіңіз. Өйткені ауырып қалсаңыз, көмек қажет болуы мүмкін.