Маңғыстауда қалдықтарды жою мәселесі талқыланды

1742

Өңірде заманауи полигондар тапшы.

Маңғыстауда қалдықтарды жою мәселесі талқыланды

Маңғыстау облысында қоқыс-қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі әлі де өзекті тұр. Соңғы жылдары құрылыстың артуына байланысты олардың саны көбейіп, экологиялық ахуалды ушықтыруға айналған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Қазіргі күні өңірде Жаңаөзен қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және жарату комбинаты жұмыс істеп тұр. Онда күн сайын 15 тонна қалдықты өңдеп, шатыр, бордюр, брусчатка сияқты құрылыс материалдарын шығарады. Комбинатқа барған облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев проблеманы облыс деңгейінде шешу жолдарын қарастырып, ортаға салды.  

Белгілі болғандай, аймақта санитарлық талаптарға сәйкес келетін 7 полигон бар. Олар Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларында және Мұнайлы ауданының Баянды ауылында, Қарақия ауданының Жетібай, Құрық ауылдарында, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында орналасқан. Бұдан бөлек, Маңғыстау ауданындағы 7 ауылда және Бейнеу ауданындағы 9 ауылда арнайы талапқа сай емес 16 қоқыс тастайтын алаң бар. Келешекте мұнайды ауданы маңынан құрылыс қалдықтарын жинау мен қайта өңдеу полигонын ашу жоспарланған. Алайда оған инвесторлар қарастырып, тарту жұмысы пандемия салдарынан тоқтап тұр екен. 

Сол сияқты, бұған дейін талапқа сай келмегендіктен жабылып қалған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары қалпына келтіріліп, жаңаша жұмыс істей бастауы мүмкін. Мәселен, бұған дейін Баяндыда Ақтау мен Мұнайлы ауданынан шыққан тұрмыстық қалдықтар тасылатын полигон ашылған, алдағы кезекте Басқұдықтағы ескі полигонды қалпына келтіру қарастырылып отыр.

Айта кетейік, соңғы нысан жергілікті тұрғындар қарсы болғандықтан жабылған еді. Бұл жерде нақтылай кететіні: қалдықтарды жинап, әрі қарай өңдеп-жоятын орынның болуы – қажеттілік, тек оның жұмысы еуропалық стандарттарға сай келуі тиіс, сондай антисанитариялық жағдай орын алып, көпшіліктің наразылығын тудырмас еді. 

Сондай-ақ, 2019-2020 жылдары Маңғыстау облысы табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыстағы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 148 стихиялық қалдықтардың орнын анықтап, оларды жою кескесін бекіткен. Оған сәйкес, тазалау жұмыстары жүргізіліп, Ақтау қаласында 84 қоқыс үйінділердің 81-і, Мұнайлы ауданында 48 қоқыс үйінділердің барлығы, Түпқараған ауданында 16 қоқыс үйінділердің 15-і жойылған. Бұлардан Түпқараған ауданындағы Қошқар Ата қорымының артқы жағындағы қоқыс үйінділері тазаланбай қалып тұр, оған жергілікті бюджеттен 51 млн теңге қаражат сұратылған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан белгілі болғандай, өңірде бүгінде қалдықтарды жинаумен және шығарумен 21 мекеме айналысады. 12 006 дана қоқыс сақтайтын контейнер бар, әлі де 16 819 данасы қажет.  
Тұрмыстық қалдықтар проблемасына бұлайша маңыз берудің себебі бар. 
Статистикаға сүйенсек, жыл сайын елімізде 5-6 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болатын көрінеді. Күн санап азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар номенклатурасының, олардың қаптамаларының көбеюі, халықтың өмір сүру деңгейінің өсуі қатты тұрмыстық қалдықтардың санын өсіре түседі деп күтілуде. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу