Оның екеуі Форт-Шевченко қаласында, үшеуі Ақшұқыр ауылында орналасқан. Баутин ауылы мен Сайын Шапағатов ауылдық округінде екі кабинет, Қызылөзен мен Таушық ауылдарында бір кабинеттен ашылған. Жоба демеушілердің қаржысымен жүзеге асты.
Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін "Тренинг алаңы", ойнауға арналған "Жердегі уақыт" аумағы, тынығу үшін "Релакс" зонасы, жеке жұмысқа арналған "Сұхбат алаңы" бөлмелері қарастырылған. Оқушылардың моторикасын дамыту жұмыстары үшін түрлі дидактикалық, ой дамыту ойындары, пазл-мозайкалар алынды. Сондай-ақ келушілермен арт-терапия, құм терапиясы, музыкалық терапия, экотерапия сынды жұмыстар жүргізіледі.
Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаеваның айтуынша, инклюзивті кабинеттерде жарым жан балаларға арналған жеке оқу жоспары мен бағдарламалары жасақталған.
"Білім беру ұйымдарындағы ерекше білімді қажет ететін 37 оқушыға 204 мұғалім сабақ береді. Оның 82-і біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, арнайы сертификат алған. Оларға №124 бұйрығы негізінде 40% үстемақы төленеді. Ерекше балалардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндік бар", – деді Айбаршын Өтесбаева.
Алмас Қылыш