Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, жыл басынан бері мас жүргізушілердің кесірінен мыңға жуық адам қаза тауып, жарақат алған.
"Өкінішке қарай, жыл сайын 30 мыңнан астам мас күйінде көлік жүргізу оқиғасы тіркеледі. Мас жүргізушілердің кінәсінен болған жол-көлік оқиғалары салдарынан биылғы жылдың өзінде ғана Қазақстанда 1 мыңнан астам азамат жарақат алды немесе қайтыс болды", – деді Марат Ахметжанов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда көлік жүргізуші жол-көлік оқиғасына ұшыраған кезде мас болды ма, сау болды ма, қылмыстық жауапкершілік бірдей.
"Мас күйінде жол ережесін бұзғаны үшін жаңа бап енгіземіз. Бұл екі жақтың ымыраға келуіне мүмкіндік берілмейтін ауыр қылмыс саналады. Егер бүгінгі күні мас күйінде көлік жүргізгені үшін екі жылға дейін жүргізуші құқығынан айыру мен қырық тәулікке дейін қамауға алу қарастырылса, бұдан былай олар бір жылға дейін бас бостандығынан және он жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады. Он жылға бас бостандығынан айыру – осы бап бойынша азамат жазатайым оқиғадан қайтыс болған жағдайда тағайындалатын ең ауыр жаза. Бұндай кезде құқық бұзушы жеті жылдан он жылға дейін бас бостандығынан және жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылуы мүмкін", – деді.
Егер азамат бұған дейін белгілі бір мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған болса, бірақ соған қарамай қайтадан көлік жүргізіп, мас күйінде ұсталса, ол жүргізуші өмір бойына жүргізуші куәлігінен айрылады.
Дана Карина