Масаншылық мектеп түлектері қайда оқығысы келеді

1336

Ауылдағы №50 мектепті биыл 30 шақты түлек аяқтады.

Масаншылық мектеп түлектері қайда оқығысы келеді

Ақпан айында жаппай төбелес орын алған Қордай ауданының Масаншы ауылындағы №50 мектепті биыл 30 шақты түлек бітірген екен. Олардың жетеуі Алматыда білім алуға ниет білдіріп отырған көрінеді. Сондай-ақ екеуі Қытайдағы оқу орындарында білім алуды жөн санайды екен. Тағы жетеуі Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында оқығысы келеді. Өйткені Бішкек қаласы Қордай ауданына өте жақын орналасқан. Бұл жайында ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Хусейін Буларов айтып берді.

Оның сөзінше, елді дүрліктірген төбелеске себеп болған Масаншы мен Қаракемер ауылдары жастарының қазіргі қарым-қатынасы достық пейілде деуге негіз бар.

"Біз екі ауылдың жастары арасында спорттық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Олар жасыл алаңда кездесіп, футбол ойнаса несі жаман? Мәселен, жаңа спорттық алаңда бірнеше ауылдың ақсақалдары футбол ойнады. Олардың қатарында қаракемерліктер де бар. Ақсақалдар дегеннен гөрі, оларды спорт ардагерлері деген де дұрыс шығар. Сондай-ақ бізде бокс секциясы жұмыс істейді. 30-40 жасөспірім бокспен шұғылданады. Алайда қазіргі карантиндік шектеулерге байланысты ондағы жұмыс тоқтап тұр", – деген ауыл әкімі тұрғындарың негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатынын айтты.

Олар картоп, пияз, сарымсақ өсіріп, өнімдерін Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларына жеткізеді екен.

Хусейін Буларов ауылға арнайы келген мамандар қазақ тілін үйрету жұмыстарын жүргізуге ниетті екенін әңгімеледі. Олар дүнген ұлтының өкілдерінен құралған бірнеше топқа мемлекеттік тілді меңгертуді көздеп отыр.

"Өткен жылы әскерге барғандардың нақты саны есіме түспей тұр. Әйткенмен 10-15 жастың барғаны анық. Биылғы жылы округ бойынша 50 адамды әскерге жіберуді жоспарлап отырмыз", – деп атап өтті Масаншы әкімінің міндетін атқарушы. Оның сөзінше, ауылдық округте 13 мешіт бар. Оларда уағыздар қазақ, орыс және дүнген тілдерінде айтылып жүр.

Ауылды қайта қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқан көрінеді. Масаншы ауылдық округі бойынша бүлінген нысандарды қалпына келтіру мақсатында жалпы келісімшарт жасалған. Ондай санатқа 31 нысан еніп отыр. Олардың қатарында 22 жеке үй және 9 коммерциялық нысан бар. Жұмыстарды толыққанды шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған екен.

"Біз "Шивон" деген қайырымдылық қорын құрғанбыз. Қор құрамы мен мердігерлер тиісті келісім-шарттарға қол қойды. Ал, мердігерлер нысан немесе үй иесімен келісімге келеді. Жұмыс осындай жүйемен жүргізілуде. Бұл жерде қайырымдылық қоры төртжақты келісімге қол қоятынын айта кеткен жөн", – деді ауылдық округ басшысы.

Ауылда "Йинпань" деп аталатын этномәдени орталығы жұмыс істейді. Олар түрлі іс-шараларға қатысады. Мысалы, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде дүнген ұлттық биін билеп, қазақ әндерін орындап, өнерлерін ортаға салыпты.

"Ал нысандарды қалыпқа келтіру жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатқанын айттық. Мәселен, мына біз көріп тұрған ғимарат шағын мейрамхана мен шаштараз саналады. Бұл нысанның жұмысы шілденің соңы, тамыз айының басында аяқталады деп күтілуде. Осы нысанды қалпына келтіруге 8,7 миллион теңге қарастырылған", – деді Хусейін Буларов.

Еске сала кетейік, Қордай ауданында орын алған жанжал негізінен Масаншы және Қаракемер ауылы жастары арасында болған. Сол кезде Масаншыдағы бірқатар нысан өртеніп, зақымданған болатын. Бүгінде бүлінген тұрғын үйлер мен маңызды нысандарды қайта қалпына келтіру мен өзге де жұмыстар атқарылып жатыр.

"Samruk –Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолға алуымен мұнда спорт алаңы бой көтеріпті. Шағын футбол алаңы мен әткеншектер және жастарға арналған көше жаттығуын өткізуге қолайлы құрылғылар орнатылған.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу