Мәсімовтің үйіндегі заттар аукцион арқылы сатылуы мүмкін

232

Астанадағы бұрынғы ҰҚК төрағасы әрі экс-премьер-министр Кәрім Мәсімов сотталғаннан кейін мемлекет меншігіне өткен зәулім үйі әлеуметтік мақсатта пайдаланылады.      

Мәсімовтің үйіндегі заттар аукцион арқылы сатылуы мүмкін Фото: cabinet-auction.e-qazyna.kz

Бұл туралы "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" ЖШС-нің бас директоры Қуанышбек Мұқаш мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Үй Нұра ауданында орналасқан, аумағы шамамен 2000 шаршы метр болады. Қазір компания балансында тұр.

"Астананың әкімдігі бұл нысанды әлеуметтік мақсатта пайдалану үшін алғысы келетінін айтты. Бірақ, әзірге нақты шешім қабылданып, ниеттерін растаған жоқ", – деді ол.

Журналистер зәулім үйдегі бағалы заттар туралы сұрады.

– Олар жеке бағаланғандықтан, бөлек активтер пулына жатады. Қымбат жиһаздар мен заттар бәссаудаға бөлек шығарылуы мүмкін, – деді Қуанышбек Мұқаш.

Айта кетейік, Кәрім Мәсімовтің тәркіленген үйі 2025 жылдың ақпан айында алғаш рет аукционға шығарылды. Жертөлесі бар тұрғын үйдің бастапқы бағасы 1 883 338 958,00 теңге деп бағаланды. Бәссаудада ешкім нысанға қызығушылық танытқан жоқ. Электрондық сауда алаңының сайтында үй екінші рет қойылды, алайда бірде-бір қатысушы бастапқы бағаны растамады. Үшінші мәрте аукционға шығарылған үйдің құны бірден 283 миллионға арзандап, сауда сонымен тоқтады. ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу