Ресейде жол апатына ұшыраған қазақстандық автобустың жүргізушісі қамауға алынды. Прокурорлар автобустың жолға жарамсыз болғанын анықтап, қылмыстық іс қозғап отыр. Соған сәйкес, Мәскеудегі Мещанский сотының шешімімен 40 жастағы Нұрғали Сарманов тергеу алды изоляторына қамалған. Ал қаза тапқан отандасымыздың мәйіті елге ертең жеткізілуі тиіс.
47 жастағы Данияр Шілдебаевтың денесі дүйсенбіде отбасына, яғни Оңтүстік Қазақстан облысына әкелінуі керек болған. Бірақ Сыртқы істер министрлігі құжаттарды реттеуде қиындық туғанын айтады. Енді мәйіт Мәскеуден Шымкентке тікелей рейспен жіберілмек.
Еске салсақ, 17 адамның өмірін қиған жол апаты Владимир облысында өткен жұмада тіркелді. Жерлестеріміз тізгіндеген автобус өзбек азаматтарын тасымалдап жүріпті. Көлік Покров теміржол станциясында бұзылып, рельсте тұрып қалған. Осы сәтте пойыз келіп соққан. Автобуста 3-ші Қазақстан азаматының болғаны да анықталып отыр. Рейсті сол ұйымдастырған деседі. Әзірге басты күдікті ретінде ол да ұсталған.