2020 жылғы қарашадан бастап мемлекет кепілдік берген көлем шеңберінде және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызметтер көрсететін өнім берушілердің тізіміне кірмес бұрын денсаулық сақтау ұйымы Өңірлік перспективалық жоспарға енгізілуге тиіс деген норма қолданыла бастады.
Бастапқыда медициналық ұйымдар үшін өңірлік перспективалық жоспарға алты айда бір рет қосылуы керек еді. Алайда, бекітілген ереженің болмауына байланысты жоспарға енгізу процедурасы өте ұзаққа созылды. Бұл ретте денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылғы сәуірде ғана бекіткен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларын қалыптастыру, келісу және бекіту жөніндегі ұсынымдар міндетті емес, ұсынымдық сипатқа ие.
"Біз гемодиализ орталығымыздың Алматы қаласы өңірлік перспективалық жоспарына қосылуын 17 ай бойы күтіп жүрміз. Бірінші өтінішті біз қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 2020 жылдың желтоқсанында бердік, бірақ әлі күнге дейін біздің орталық өңірлік перспективалық жоспарға енгізілмеген", – деді "БИОС" ЖШС гемодиализ клиникалары желісінің директоры Жеңіс Алкин.
Сала өкілдерінің пікірінше, мемлекеттік тапсырысқа қатысу үшін өңірлік перспективалық жоспарға медициналық ұйымдарды қосу талабы процесті қиындатады және рәсім ашық емес жүргізіліп, оны бақылаусыз етеді.
"Егер әлемнің кез келген елінде инвестор қандай бір салаға, әсіресе денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік маңызы бар салаға ақша салғысы келсе, оған бірден "жасыл дәліз" ашылады. Ал бізде тұтас еңсерілмейтін бюрократиялық кедергілер бар. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған дебюрократизация курсының аясында болып жатыр", – деді Жеңіс Алкин.
Гемодиализ клиникалары желісі директорының айтуынша, кейбір өңірлерде жоспарға енгізу өте тиімді, Алматы мен Нұр-Сұлтанның ірі мегаполистерінде жүзеге асырылып жатыр, онда халық саны ең көп және медициналық қызметтерге қажеттілік ұдайы өсуде, процедурада бюрократия кедергілері көп.
"Атамекен" ҰКП мамандары құжатты әзірлеу кезінде реттеушілік әсерді сараптау және талдау үшін өңірлік перспективалық жоспарға міндетті енгізу нормасы Ұлттық палата қарауына жіберілмегенін айтты.
"Талап жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін еңсерілмейтін кедергі болды. Демек жаңа жеке клиникаларға мемлекет кепілдік берген көлем шеңберінде және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсету мүмкіндігі жабық. Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені барлық деңгейде: Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі, Денсаулық сақтау министрлігі және Үкіметте көтерді: Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі бизнес ұсынысын қабылдағысы келмейді", – дейді "Атамекен" ҰКП Медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманова
ҰКП мәліметтері бойынша, 10 облыстың өңірлік перспективалық жоспарлары ҚР ДСМ-мен келісіліп, әкімдердің қаулыларымен 2021 жылғы 13 желтоқсанда ғана бекітілді. Ал 2022 жылы қызмет көрсетуге ӘМСҚ сатып алулары 14 желтоқсанда таңғы сағат 9-да жабылды. Осыған байланысты медициналық ұйымдар 2022 жылға сатып алуларға қатыса алмады, өйткені ӘМСҚ жеткізушілерінің базасына енгізу рәсімі бірнеше күнді алады.
Ұлттық палатада ТМККК және МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерді жеткізушілерге өңірлік перспективалық жоспарға енгізу бойынша талаптарды алып тастау, сондай-ақ жоспарға медициналық ұйымдарды енгізу регламентін жедел әзірлеу қажет деп санайды.