Қазақстан қажылық миссиясы қасиетті Мекке жерінде ұлы сапарға келген қазақстандықтардың дін аман екенін хабарлайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Миссиядағы дәрігерлер тобының жетекшісі Ардақ Айтбайұлының айтуынша, медициналық орталық көмегіне 14-16 маусым күндері 703 қажы жүгінген. Олардың қатарында жүрек, қантамырлары, жоғары және төмен тыныс және асқазан-ішек аурулары, сондай-ақ басқа да (сүйел, аллергия, конъюнктивит және тағы басқа) сырқат бойынша 120 қажы екі немесе бірнеше рет тексерілген.
"Бұдан бөлек, 15 маусымда Мұздалифада қан қысымы көтерілген қажыға жедел алғашқы көмек көрсетіліп, дәрігердің бақылауымен қонақүйге жөнелтілді. 16 маусымда Мина жазығында транзиторлық ишемиялық ұстама бойынша бір қажыға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, стационарға жатқызылды. Сонымен қатар, 17 маусымда Жамаратта шайтанға тас лақтырып келе жатқан жолда қанты төмендеп, есінен танып жатқан әйел адамға тез арада көмек көрсетіліп, ол да стационарға жеткізілді. Аллаға шүкір, қазіргі таңда аталған науқастар дәрігерлердің толық бақылауында, жағдайлары бірқалыпты. Одан бөлек, елімізден әкелінген дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Біз үшін әрбір қажының денсаулығы маңызды", – деді Ардақ Айтбайұлы.