Мектептегі фельдшерлік пунктер емханаларға бағынатын болды

1051

Мектептегі фельдшерлік пунктер емханаларға бағынатын болды

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екі оқылымда талқылап, құжатты қабылдады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

ҚР заң жобасын таныстыру барысындағы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың сөзіне қарағанда, енгізіліп отырған өзгерістерге сәйкес бекітілген мерзім жарты жылға шегерілуде. Осы ретте жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушылардың, адвокаттардың, жеке тұлғалардың аударымдары мен жарналарын төлеу мерзімі 2017 жылдың 1 қаңтарынан емес, 1 шілдесінен іске асырыла бастайды. Сонымен қатар мемлекет халықтың белсенді емес бөлігі үшін жарнаны жарты жылға кейін төлейді, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем жасайды.  Екіншіден, төлемдер мен жарналардың жүйеге түсу мерзімі алты айға шегерілгендіктен, сәйкесінше, жүйеде көрсетілетін медициналық көмекке ақы төлеу жарты жылға ұзартылады (2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап). Бұдан бұрын хабарланғандай, осы мерзімде қор мен оның филиалдары құрылады, денсаулық сақтау шығындары республикалық деңгейде шоғырланады. Бұл тұрғыда Қор медициналық қызметтердің бірыңғай стратегиялық сатып алушысы ретінде қызмет етеді. Аталған мерзімді ұзартуға бюджеттік заңнамадағы өзгерістер ықпал етті. 

Заң жобасы қарастыратын тағы бір мәселеге тоқталатын болсақ, мектеп медицинасын білім беру жүйесінен денсаулық сақтау саласына ауыстыруға байланысты. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет балалар үшін медициналық сақтандыру қорына жарналарды төлейді. Сондықтан балаларға медициналық көмек көрсету келесі жылдан медициналық сақтандыру қорынан іске асырылады. Мектеп медицинасын жауапты ведомствоға ауыстыру аясында ұйымдастырушылық өзгерістер қамтылады. Осы орайда енді білім беру жүйесіндегі медициналық пунктер емханалардың құрылымдық бөлімшелері болады. Ал медициналық мамандар штаттағы қызметкерлер қатарына енгізіледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу