Мемлекет басшысы: Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым

178

Бұл – Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз. Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. 

Мемлекет басшысы: Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Ассамблеяның барлық белсенді азаматтарына алғыс білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ассамблея қоғамда кәсібилік және еңбекқорлық құндылықтарын дәріптеуге белсене атсалысып келеді. Александр Папп Ассамблеяның Жұмысшы мамандықтары жылын өткізуге белсене кіріскенін атап өтті.

Өткен жылы Еңбек күнінде Сенат пен Мәслихат депутаттары Ассамблея мүшелерімен бірге еліміздің ірі кәсіпорындарына барып, өндіріс ардагерлеріне құрмет көрсетті. Бұл бастаманы Еңбек күнін атап өтудің жаңа дәстүрі ретінде биыл да жалғастыруға болады. Осылайша, ҚХА бүгінде қоғамдық келісімнің бірегей инфрақұрылымын қалыптастырған қуатты тармақтары бар институтқа айналды. Жер жүзінде мұндай бірегей ұйым құра білген мемлекет кемде-кем. Ассамблеяның арқасында еліміздегі барлық этностар Қазақстандағы оң өзгерістердің бел ортасында жүр", – деді Президент.

Қазақстанның Еңбек Ерлері Георгий Прокоп, Владимир Розметов, Юрий Пя, Иван Сауэр, Борис Князев, Алина Соловьёва, Вадим Басин, Александр Хмелёв, Геннадий Зенченко және басқа да тұлғаларды азаматтық жауапкершілік пен Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі деп айтуға болады.

Олар – бүгінгі заманның адал азаматтары, Қазақстанның дамуына мол үлес қосқан тұлғалар. Ассамблеяны жанашыр әрі белсенді азаматтардың жолын ашатын шынайы саясат мектебі және тиімді әлеуметтік баспалдақ деуге болады.

"Этномәдени бірлестіктерде, Ассамблеяның түрлі құрылымдарында өте білікті мамандар еңбек етуде. Мен жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның барлық белсенді азаматтарына шынайы алғысымды айтамын.

Туған жерге пайдамды тигізсем деген алғаусыз ниетті өмірінің мәніне айналдырған олар нағыз отаншылдық пен адал азаматтың үлгісін көрсетті.

Ассамблея Төрағасының қоғамдық орынбасарлары ретінде жыл бойы лайықты еңбек еткен Лугмар Харкиевич Буларов пен Юрий Германович Шинге ризашылығымды білдіремін. Ассамблея Төрағасының орынбасарлары болып жаңадан тағайындалған Дмитрий Валерьевич Останькович пен Расул Сурмалиевич Ахметов – қоғам құрметтейтін абыройлы азаматтар. Олардың білімі мен білігі Ассамблеяға үлкен пайдасын тигізеді деп сенемін", – деп қосты Мемлекет басшысы.

Президент жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның барлық белсенді азаматтарына алғыс айтты.

"Әр жылдары елімізде түрлі диалог алаңдары мен қоғамдық органдар құрылды. Алайда бүгінгі мерейтойлық жиында Ассамблеяның қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналғанын және алдағы уақытта да солай болып қала беретінін атап өткім келеді. Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым. Бұл – Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз. Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. Мұны Ассамблея мүшелері терең сезінеді деп ойлаймын. 

Ассамблея барша азаматтарды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керек. Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Біз болашақта да осы бағытта нақты шаралар қабылдаймыз. Мен 2022 жылы Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Оның мерзімі де аяқталып келеді. Сондықтан жаңа құжатты дайындау жұмысына қазірден бастап кірісу керек, яғни, 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарды айқындау қажет. Тұжырымдаманың жобасында қоғамды ұйыстырып, үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа әдіс-тәсілдер көрініс табуы керек. Сондай-ақ Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностардың құқықтарын қорғауға арналған негізгі қағидаттар көрсетілуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет этносаралық саладағы республикалық және өңірлік жұмыс жоспарының барлығын жан-жақты сараптап, оның тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныс енгізуі қажет.

Жалпы, ұлт бірлігін нығайтуда барлық мемлекеттік және қоғамдық механизмдерді жетілдіруді жалғастыру керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу