Атыраудағы ұлттық мұнай-химия паркіне соңғы жылдары 162 млрд теңге беріліпті. Ал 2013-2020 жылдар аралығында бұл аймақтан түскен салық 16 млрд теңге ғана болған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Әу баста қомақты қаржы есебінен экономикалық аймақтың инфрақұрылымын жөндеу жоспарланған. Бірақ ол да жоспар жүзінде қалған көрінеді. Инвестиция тарту көрсеткішіне де Сенат спикерінің көңілі көншімеді.
"Еркін экономикалық аймаққа қомақты қаржы құйылды. Бірақ та инфрақұрылым бар болғаны 17 пайызға қамтамасыз етілді. Яғни бұл еркін экономикалық аймақтарда инфрақұрылымның 80 пайызы салынбаған. Келесі, оған салынған инвестициялар 100 пайыз деп есептелген. Алайда 99 пайыздан астамы квазимемлекеттік сектордан. Егер біз бөлінген қаржыдан 10 пайыз ғана салық алатын болсақ, онда ол аймақтың тиімділігі неде?" - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
ҚАЗАҚСТАНДА 13 АЭА ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР
Қазіргі таңда ел аумағында барлығы 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Олар логистика, мұнай құбырлары мен химиясы, металлургия, ауыр техника, туризм, сауда және аралас өндіріс түрлеріне басымдық береді. Барлығы бірдей инвестиция, заманауи технологияларды тарту, бәсекеге қабілетті өндірістерді құруды көздейді. Өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз етіп, әлеуетін әлдендіру мақсаты да ортақ. Жұмыс істеп тұрған экономикалық аймақтардың алғашқысы 2001-ші жылы Астанада ашылса, соңғысы 2019-шы жылы Петропавлда "Qyzyljar" атауымен іске қосылды.