Мемлекет қолдау көрсететін ірі компаниялардың тізімі жасалып жатыр

1619

Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін ел экономикасын қалпына келтірудің кешенді жоспарын дайындайды.

Мемлекет қолдау көрсететін ірі компаниялардың тізімі жасалып жатыр

Сонымен, коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін жалғасатын болды. Оған дейін карантиндік шектеулер біртіндеп алынып, Үкімет пен Ұлттық банк дағдарыстан кейінгі экономиканы оңалту жоспарын ұсынуы керек.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус індетіне байланысты кезекті мәлімдемесінде осы және өзге де өзекті проблемалар қозғалды.

"Мен төтенше жағдай кезеңінде азаматтарымызға қолдау көрсетуге арналған шаралардың екі топтамасын жария еттім. Бұл шаралар барынша жүзеге асырылуда. Қоғам тарапынан айтылған орынды сын-пікірлер де бар. Оны ескереміз", – деген Мемлекет басшысы сол бастамалар аясына көмек алған азаматтар туралы статисканы келтірді.

"Бүгінгі күні 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілді. 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылды. Жалпы, 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Елбасының бастамасымен құрылған "Біргеміз" қорынан қаржы бөлінді. "Nur Otan" партиясы белсенді жұмыс атқаруда. Сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетіледі", – деп жазды ол өз мәлімдемесінде.

Президенттің айтуынша, төтенше жағдай кесірінен табысынан айырылған кәсіпкерлер де назардан тыс қалмаған.

"1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтиды. Бүгінде шағын және орта бизнес күрделі жағдайға тап болды. Осы салаға қазір көмектеспесек, экономиканы қалпына келтіре алмаймыз. 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржыны үнемдей алады. Шағын және орта бизнеске тиімді несие беру үшін қаражат бөлінді. Жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетіледі. Қазір олардың тізімі жасалуда. Оған ел экономикасы үшін аса маңызды компаниялар ғана енгізіледі", – деп ескертті Президент.

Көктемгі егіс науқаны мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бюджеттен 200 млрд теңге бөлініп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев салаға бөлінетін қаржының қалай жұмсалатыны туралы да сөз қозғады.

"Осы науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.Бұл – қомақты қаражат. Үкімет пен құзырлы органдардың міндеті – қаржының тиімді жұмсалуын және осы үдерістің барынша ашық болуын қамтамасыз ету", – деді мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу