Мемлекеттік қолдау алатын шаруалар саны 7,5 есе артады

699

Мемлекеттік қолдау алатын шаруалар саны 7,5 есе артады

Биылдан бастап мемлекеттік қолдау алатын шаруалар саны 7,5 есеге артпақ. Бұл туралы аграрлық саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысында вице-премьер – ауыл шаруашылығы министрі Аcқар Мырзахметов мәлімдеді.

Бүгінгі Кеңестің күн тәртібінде маңызды үш мәселе көтерілді. Олар: субсидияның жаңа ережесі, заңнамалық өзгерістер және жаңа трансферт орталығының жұмысы.

Бірінші сұрақ, яғни мемлекеттік қолдау бойынша жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 8 субсидияның ережелері қайта қаралған. Сондай-ақ 11 тиімсіз субсидия алып тасталып, 39 субсидияға өзгеріс енгізілген.

Атап айтатыны, биылдан бастап мемлекеттік қолдау алушылар саны 7,5 есеге артады. Оның ішінде, бордақылау алаңдары үш есеге көбеймек. Мәселен, әр асыл тұқымды ірі қара мал басын сатып алғанда қайтарымсыз 150 мың теңге беріледі. Ал бұған дейінгі ережеде асыл тұқымға да, шаруа малға да бірдей қаржы төленіп келген. Екінші өзгеріс кооперация мүшелеріне қарастырылған жеңілдіктер. Кооперацияға сатылатын 1 бас ірі қара үшін мемлекет қайтарымсыз 20 мың теңге төлемек. Сондай-ақ, 1 литр сүтке 10 теңге, бір уақ малға 1 500 теңге қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек кооперацияға алынатын жемнің әр тоннасына 20 мың теңге төлеу көзделген. Алайда бұл дегеніміз кооперацияға бірікпегендер мемлекеттік қолдаудан қалыс қалады деген сөз емес. 30 бас ірі қарадан жоғары малы бар шаруашылық иелері әр литр сүтін 15 теңгеден, ал 400 бастан жоғары шаруалар әр литрін 25 теңгеден субсидияланады.

Асыл тұқымды ешкі асыраушылар бірінші мәрте мемлекеттік қолдауға ие болмақ.

Субсидия бойынша тағы бір тұшымды жаңалық, олардың автоматтандырылуы. Яғни, жемқорлықтың алдын-алу мақсатында мал шаруашылығына берілетін субсидия автоматтандырылды. Келер жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласындағы барлық қолдау автоматтандырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу