Мемлекеттік сатып алу кезінде отандық өнімнің үлесін арттыру керек

351

Мемлекеттік сатып алу байқауларында өз елімізде өндірілген тауарға басымдық берілуі керек.

Мемлекеттік сатып алу кезінде отандық өнімнің үлесін арттыру керек Фото: Inbusiness.kz

Отандық өнімнің үлесі қазіргідей 30 емес, 60 пайыздан кем болмауы тиіс. Ол үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерту енгізу қажет. Сонда ғана өзіміздегі өндіріс өркен жаяды. Бүгін Шымкентке барған парламент мәжілісінің депутатымен кездескен жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері осындай уәж айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Заңдағы талапты қатаңдатуды талап етіп  отырғандар негізінен тоқыма кластерінің өкілдері. Олардың айтуынша, 30 пайызды алпысқа көтеру негізінен осы салаға керек. Өйткені, тоқыма өнімдеріндегі 30 пайыздық меже түйме орнату мен пішуден ары аспайды.

"Заңда отандық өнімнің үлесі 30 пайыздан төмен болмауы керек деп көрсетілген. Ал, 30 пайызды біздің тігін фабрикалар өзінің жұмысымен ғана көрсету мүмкіншілігі бар. Сол үшін біз ол конкурстарда, ол сатылымдарда жеңіске жете алмай жүрміз", - дейді тоқыма компаниясының директоры Бекет Тұрсынханов.

Яғни қазақстандық түймені қадаумен сырма қою арқылы отыз пайызды жабу елдегі тоқыма кластерін тұралатып тұр. Мәселен Шымкенттегі кәсіпорынның қоймасында қазір 5 млрд теңгенің өнімі тұр. Сұраныс болса өтеуге дайын. Бірақ, біздегілер қажеттіліктің бәрін шетелдік арзан өніммен жауып әлек. Алайда оның сапасы мен елдегі өндірістің жайына алаңдап жатқандар аз.

"Сондықтан сапасы жоқ болғандықтан соң олар жыл сайын жаңасын алуы керек болады. Ол деген шығын. Оны қарастыруымыз керек. Осы мәселені біз Алла қаласа көтеретін боламыз", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Бейсенбаев.

Статистикаға сүйенсек еліміздің қорғаныс министрлігі бір жылда тек киім-кешек пен төсек жаймаларының өзіне 25-30 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізеді. Егер тапсырыс берсе соны Шымкенттегі бір ғана тоқыма кәсіпорны толықтай тігіп жеткізіп беруге қауқарлы. Соны алға тартып компания талай рет конкурсқа қатысқан. Бірақ, жеңе алмаған. Есесіне шетелде сұраныс көп көрінеді. Бірақ соңғы жылдардағы геосаяси жағдай мәселені шиеленістіріп жіберген.

"Ресей Украина териториясындағы арнайы операцияға байланысты біздің Еуропадағы сатып алушыларға жеткізе алмай отырмыз. Сол үшін үкімет мынау отандық өнімнің үлесін 30 пайыздан алпыс пайызға көтерсе өте керемет болар еді", - дейді тоқыма компаниясының директоры Бекет Тұрсынханов.

Тоқыма кластері өкілінің айтуынша бізде тек қарулы күштер емес медицина, темір жол саласы барлығы да қажетті өнімдерін шеттен алуға құмбыл көрінеді. Оған ең басты себеп мемлекеттің қаржысы. Енді осы мәселеге заң шеңберінде шектеу қойылмаса тоқыма кластері құрдымға кетеді деген күдік басым.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу