Германия канцлері Ангела Меркель мектептер мен дүкендерді 24 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында жауып тастауға үндеді.
Сонымен қатар ол оқушылардың демалысын ертерек, яғни 16 желтоқсанда жариялауды ұсынды. Оның айтуынша, бұл шаралар індеттің таралуын әлдеқайда тежемек. Өйткені соңғы күндері Германияда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың саны күрт өсіп барады.
"Вируспен күрес жүргізудің негізгі жолы – әр тұрғынның жауапты болуында, олардың қазіргі жағдайда бірлесе әрекет етуге дайын болуында", – деді Меркель.
Бірақ үкімет басшысы вакцинациялау індеттің өршуін тез арада бәсеңдетпейтінін мәлім етті. Бұл елдегі егде жастағыларға, медициналық қызметкерлерге, созылмалы аурулары бар адамдарға екпе егу процесі 2021 жылдың қаңтарында басталады. Бірақ мамандар алғашқы айларда олардың барлығына вакцина егіп үлгермейді. Сондықтан эпидемиологиялық жағдайдың қалыпқа келуі ұзаққа созылмақ.
Табиғат Нұрболат