Міндетті таңбалауды енгізу мерзімі кейінге шегерілмек

895

Министрлік дәрілік заттар мен аяқ киімдерді таңбалау жөніндегі пилоттық жобаларды ұзарту және міндетті таңбалауды енгізу мерзімдерін "карантиннен кейінгі" кезеңге ауыстыру мәселесін қарастыруда.

Міндетті таңбалауды енгізу мерзімі кейінге шегерілмек

Сауда және интеграция министрлігі дәрілік заттар мен аяқ киімдерді таңбалау жөніндегі пилоттық жобаларды ұзарту және міндетті таңбалауды енгізу мерзімдерін "карантиннен кейінгі" кезеңге ауыстыру мәселесін қарастыруда. Бұл туралы минстр Бақыт Сұлтанов фейсбуктегі парақшасында жазды.

Министр 1 сәуірде темекі өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобаны аяқтағанын хабарлады. Оның айтуынша, жылдың соңына дейін алкоголь өнімдерін (мерзімі – 31 мамыр), аяқ киім тауарларын (30 шілде), дәрі-дәрмек құралдарын (30 қараша) және сүт өнімдерін (31 желтоқсан) таңбалау бойынша тағы да бірнеше пилоттық жобаларды соңына жеткізу көзделген. Осыдан соң тауарларды міндетті турде таңбалау енгізілуі керек еді. Дегенмен елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты, бұл жобалардың өндіріс уақытын қайта қарауға тура келіпті.

"Қазір көптеген кәсіпорындардың өндіріс пен тауарларды өткізу бойынша қиындықтарға тап болғанын түсінеміз. Бизнес үлкен шығынға ұшырауда. Және де таңбалауды енгізу кәсіпкерлер үшін қосымша шығыс бабы болады. Сонымен қатар, халықаралық саудадағы қиындықтар таңбалау үшін қажетті жабдықты жеткізу мерзімін бұзу тәуекеліне алып келеді. Менің пікірімше, осы күрделі кезеңде бизнеске қосымша шығындар салу дұрыс емес. Сондықтан қазіргі уақытта Сауда және интеграция министрлігі дәрілік заттар мен аяқ киімдерді таңбалау жөніндегі пилоттық жобаларды ұзарту және міндетті таңбалауды енгізу мерзімдерін "карантиннен кейінгі" кезеңге ауыстыру мәселесін қарастыруда", – деп жазды министр.

Ведомство басшысы түпкілікті шешім мүдделі тараптармен талқылаудан кейін жақын арада  қабылданатынын айтады.

Айта кетсек, таңбалаудың контрафактінің айналымын азайтудағы рөлі көп.

"Тауарды қолдан жасаушылар тексеруден өтпейді (сонымен қатар салық та төлемейді). Пайдаланылатын шикізаттың сапасын қоса алғанда, олардың өндірісін бақылау мүмкін емес. Бірақ сатып алушы (бұл "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңда жазылған) сатып алғалы жатқан өнім туралы білуге құқылы. Өндіруші мен сатушы тұтынушыға өнім туралы толық ақпарат беруге міндетті. Бұл ретте, таңбалау осы мүмкіндікті береді: сандар мен белгілер жиынтығында тауардың толық сипаттамасы (сорты, МЕМСТ және т.б.), өндіруші және шикізат туралы ақпарат бар",– деп түсіндіре кетті Бақыт Сұлтанов.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу