Министрлік академиялық еркіндікке араласпауы керек – Аймағамбетов

1416

Қазақстан ЖОО-ларында қашықтан немесе аралас оқу түрі енгізілуі мүмкін.  

Министрлік академиялық еркіндікке араласпауы керек – Аймағамбетов

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі бойынша бірқатар ұсынысын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін одан әрі кеңейту бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. 2018 жылы заң қабылданып, жоғары оқу орындарына академиялық және басқарушылық еркіндік берілді. Осы заң жобасына жауапты бола отырып, оны қабылдаудың қандай маңызды қадам болғанын білемін. Бүгін 2 жылдан кейін осы бағытта жұмыс істеу қажеттігін көріп отырмыз. Министрлік жоғары білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту және оның бәсекеге қабілеттігін арттыруға негіз болатын жоғары білім беруді дамыту жөніндегі дағдарысқа қарсы жоспар ұсынады", - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, үш қадамнан тұратын жоспарды әзірлеу үшін сараптамалық топ құрылған, бұл топ наурыз айынан бері талқылауды өткізіп келеді.

"Алғашқы қадам – білім беруге бизнес пен өндіріс өкілдерін, шетелдік оқытушыларды тартуды, өңіраралық деңгейде мамандар алмасуын ынталандыру маңызды. Білім беру студентті нарық шындығына дайындауға, одан қалыс қалмауға барынша тырысуы тиіс. Осыған байланысты дәрежелік, штаттық және базалық білім беру жөніндегі талаптарды қайта қарау қажет деп санаймын. Бұл өлшемдерді жою міндеті тұрған жоқ, бірақ олар жоғары оқу орындарының еркіндігін шектемеуі керек. Атап айтқанда, Мейрамхана ісі, Есеп, Туризм, Қызмет көрсету, Қаржы, IT, Журналистика, Қоғаммен байланыс, Стандарттау және сертификаттау сынды оқыту бағыттары бойынша дәрежелік және штаттық талаптардың маңызы жоқ және оқытуға практиктерді тартуды қиындатады", - дейді ведомтсво басшысы.

Сонымен бірге, министр дәстүрлі күндізгі оқумен бірге қашықтан немесе аралас оқу түрін таңдау мүмкіндігін енгізуді ұсынды.

"Нақты форманы таңдау студентке жүктеледі. Ұсынылған оқу түрі көктемдегі жағдайдан өзгеше болады, өйткені бастапқыда-ақ қашықтан оқыту формасы уақытша шешім ретінде енгізілген еді. Әрине, бұл жұмысты оқытушыларды оқытумен және білім беру бағдарламаларын жаңартумен үйлестіру қажет. Қашықтан оқыту формасын толық бейімдеу үшін заңнамалық өзгерістер қажет. Сондай-ақ, жалпы білім беру пәндері (ЖБП) циклі бойынша типтік оқу бағдарламаларын шекті ету, оларды ЖБП игеру қорытындылары бойынша қол жеткізілуі тиіс оқыту нәтижелерін нақты тұжырымдау ұсынылады. Қазір типтік бағдарламаларда нәтижелерді ғана емес, оларға қол жеткізу әдістері де сипатталады. Министрлік бұған араласпауы керек, академиялық еркіндік толыққанды болуы тиіс", - деді А. Аймағамбетов.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу