Министрлік миллиардтарды пиарға жұмсағанды жөн көреді

852

Жаһандық жылыну мен оның салдарына қарсы климаттық доктрина құру қажет.   

Министрлік миллиардтарды пиарға жұмсағанды жөн көреді

Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова осындай бастама көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қазақстан парниктік газ шығарындыларының аса ірі көзінің бірі және осы көрсеткіш бойынша Топ-30 елдің қатарына кіретінін ескеруіміз керек. Біздің ел 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздеп отыр. Бұл бағытта ұлттық жобалар мен бағдарламалар бар. Алайда мақсатты іс жүзінде жүзеге асырудың ғылыми негіздемесі және шара қабылдау бойынша нақты ұсыныс жоқ. Мұның барлығы болашаққа арналған жоспар ғана. Ал  құбылмалы климаттың теріс әсері ертеңгі күннің емес, бүгінгі күннің мәселесі", – деді депутат.

Айжан Сқақованың сөзінше, климаттың өзгеруінің қолайсыз салдары еліміздің су секторында, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, экология және басқа да салаларында анық аңғарылып жатыр.

"Бұған Маңғыстау, Қызылорда облыстарында малдың жаппай қырылуы дәлел", – деді ол.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бюджеттің миллиардтаған қаражатын қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыру мен жақсартуға және парниктік газ шығарындыларын азайтуға емес, іс-шаралар мен пиарға жұмсағанды жөн көреді.

"Біз ұлттық климаттық доктрина форматында ғылыми негізделген стратегиялық құжат әзірлеуді ұсынамыз. Соның негізінде ауыл, су, орман шаруашылығы, биоалуантүрлілікті сақтау және энергетика саласында жүйелі шешім қабылдау қажет. Қазіргі климаттық көрініс біздің елге жақсы әсер етпейді. Қолайсыз болжамның жүзеге асуына жол бермеу үшін жүйелі шешім қажет", – деді Айжан Сқақова.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу