Мұғалімдіктен министрлікке дейін: Ербол Мырзабосынов кім?

2303

Жаңа министр ел сенімін ақтай ма?

Мұғалімдіктен министрлікке дейін: Ербол Мырзабосынов кім? Фото: primeminister.kz

Париж Олимпиадасынан кейін орнынан босатылған Ермек Маржықпаевтың орнына Туризм және спорт министрі болып Ербол Мырзабосынов тағайындалды.

Ведомствоның табалдырығынан жиі аттайтын сарапшылар бұл тағайындауды кейінгі аптада жиі айтып кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі KAZINFORM агенттігіне сілтеме жасап. 

Ресми өмірбаянына қарасақ, ол 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Екі бірдей мамандық бойынша жоғары білім алған.

Оның бірі – педагогика, екіншісі – заңгерлік. Әуелі Семей мемлекеттік педагогикалық институтын, одан кейін Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін тәмамдаған. Қазақ спорт және туризм академиясының түлегі атанғаны бар.

Еңбек жолын 2005 жылы Семей мемлекеттік педагогика институты дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасының ассистенті, жаттықтырушы-оқытушы ретінде бастаған. Осы Семей мемлекеттік педагогикалық институтында жүріп, дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісіне дейін көтеріледі.

Ал, 2006 жылдан бастап 12 жыл бойы ШҚО бұқаралық спорттағы жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттықтырушы-оқытушы болып жұмыс істеген.

Оның қызметіндегі ірі бетбұрыс 2018-2020 жылдарға дөп келеді деуге болады. Бұл кезеңде ол "Қызылжар арландары" спорт клубының директоры болып еңбек етті. Осы қызметінде көзге түсіп, кейін (2020-2021 жылдары "Qazaq kuresi" қауымдастығының басқарушы директоры лауазымын атқарды. Ал, 2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры болып тағайындалып, 2023 жылғы ақпанда Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болғанша осы қызметте еңбек етті.

Ербол Мырзабосыновтың министрлік тізгінін ұстауын Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевтың Париж Олимпиадасында алтын және қола медаль алуымен, Демеу Жадыраевтың грек-рим күресінен көптен күткен "күмісті" еншілеуімен байланыстырып жатқандар бар. Расымен де күрес түрлері Париж төрінде жұрт күткен межеден артық нәтиже көрсетті деуге болады.

Белгілі спорт журналисті Аслан Қаженов те мұндай болжамдардың айтылуына негіз бар деп есептейді.

"Біз бұған дейін спорт саласындағы кем-кетіктерді спорттан хабары жоқ адамдардың басшылық етуімен байланыстырып келдік. Кейінгі төрт жылда 4 министр ауысқанын айтып жүрміз ғой. Оның әрқайсысы саланың дамуына өзінше үлес қосып, бастамалар көтерді. Бірақ, осы саланың адамы болмағаннан кейін бір жылдай уақыттары жұмысты зерттеуге, тануға кетеді. Соның салдарынан көп бастамалар аяқсыз қалып жатты, сабақтастық болған жоқ. Ал, Ербол Мырзабосынов спорт саласының өкілі. Өзі де күрестен бастаған. Төменнен бастады деуге болатын шығар. Спортшыдан бастап, педагог, бапкер болды. Кейінгі жылдары спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы болған кезінде менеджерлік қабілетімен көзге түсті. Париж Олимпиадасындағы жетістіктер, әсіресе Елдос Сметовтің тарихи жеңісіне өзінің қосқан үлесі бар. Спорт медицинасы мен ғылымды дамыту, бапкерлердің еңбекақысын көтеру, инфрақұрылымды жетілдіру сияқты саланың әккі мамандары ғана көре алатын бастамалар көтеріп жүрді. Енді сол идеяларын іске асыруға жақсы мүмкіндік туды деп ойлаймын. Министр болып кім келсе де, төрт жыл уақыт берсе дегенді үнемі айтып жүрміз. Қазақ спортына реформаларды аяғына дейін іске асыратын, соған басымен жауап беретін басшы керек. Әлеуметтік желіде осы тағайындау туралы ақпаратты бөлісіп едім, сала мамандары қолдап жатыр. Бұл да болса, осыған дейін атқарған жұмысының нәтижесі болса керек", – дейді сарапшы.

Журналист Ербол Мырзабосынов Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы болып тұрғанда балуандар мен боксшылардың оқу-жаттығу жиындарын сауатты ұйымдастыра алғанын айтады.

"Ендігі жұмысында кенже қалып тұрған ұлттық спорт түрлеріне көбірек көңіл бөлсе екен. Басқада өзекті мәселелерді ішінен біледі. Әрине, оның бәріне кедергілер көп болады. Бірақ шегінерге жол жоқ кезеңге тап келіп тұрмыз.

Бүгін Президент Жолдауында айтылған спорт туралы заң жобасын әзірлеп жатқан жұмыс тобында мен де бармын. Заңнамалық өзгерістердің ішінде мемлекеттен қаржыландырылатын 184 спорт түрін қысқарту, легионерлерге бюджеттен ақша төлемеу, федерацияларды есептілікке міндеттеу сияқты ондаған талап бар.

Жаңа министрдің алдынан осы өзгерістерді қорғау, қабылдау кезінде кедергілер шығуы мүмкін. Өйткені бюджетті әбден майшелпекке айналдырған адамдардың көбіне бұл жақпауы мүмкін. Түрлі мүдделер мен қитұрқы схемалар бар. Соның бәрімен табанды күрес жүргізбесе, жұмысынан нәтиже болмай қалуы да ықтимал", – дейді Аслан Қаженов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу