Мүгедектігі бар адамдарға зейнетақы мен жәрдемақы қатар берілмейді

8145

Мүгедектігі бар жандар зейнет жасына жеткенде зейнетақы мен жәрдемақының бірін таңдауға мәжбүр. 

Мүгедектігі бар адамдарға зейнетақы мен жәрдемақы қатар берілмейді Фото: ulysmedia.kz

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мүгедектігі бар адамдарға бір мезгілде зейнетақы мен жәрдемақы неге берілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осыған дейін Мәжілістің бір топ депутаты мүгедектігі бар қазақстандықтарға зейнеттік жасқа жеткенде де жәрдемақысын тоқтатпай, қоса берілуін ұсынған болатын. Олар Әлеуметтік кодекске өзгерту мен толықтыру енгізу қажеттігін жеткізді. 

Тамара Дүйсенова мемлекет тарапынан берілетін мүгедектігі үшін жәрдемақы және жасына байланысты зейнетақы әлеуметтік төлемдердің түрлері болып есептелетінін, олар әртүрлі өмірлік тәуекелдерге негізделгенін айтты.

"Әлеуметтік кодекске сәйкес мүгедектігі бар адам зейнеткерлік жасқа жеткен кезде оған жәрдемақыны төлеу тоқтатылып, зейнетақы тағайындалады. Егер де тағайындалатын зейнетақы бұрын алған жәрдемақыдан (тиісті санаттары үшін) аз болса, онда жәрдемақының мөлшеріне дейін жеткізіледі (қосымша ақылар арқылы). Ал егер мүгедектігі бар адамдар зейнеткерлік жасқа толғанда, зейнетақы алуға негіз болмаса (құқығы жоқ, объективті жағдайға байланысты жинақтаушы зейнетақы қорында жарналары жоқ, мүлдем жұмыс істемеген) мүгедектігі бойынша алып отырған жәрдемақының мөлшері сақталады", –  делінген жауапта.

Бұдан басқа оларға оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша қарастырылған техникалық құралдары мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін және өтеусіз негізде тұрақты пайдалануға беріледі.

Тамара Дүйсенованың жауабында көрсетілгендей, 2025 жылы жәрдемақы мөлшері жалпы ауруы бойынша I топ үшін 101 702 теңге, II топ - 81 362 теңге, III топ - 55 474 теңге, мүгедектігі бала кезінен болса I топ үшін 101 702 теңге, II топ – 84 598 теңге, III топ – 74 428 теңгені құрайды.

Үкімет мүшесі бұл нормалар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді деп отыр.

"Осыған орай, бір мезгілде зейнетақы мен жәрдемақыны алу бюджетке айтарлықтай ауыртпашылық түсіретінін ескере отырып, қазіргі уақытта аталған мәселені қарастыру жоспарда жоқ екенін хабарлаймыз", – деді Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу