Мұрат Әбенов Ұлттық парктерді инвесторларға беруді ұсынды

975

"Көптеген аумақтардың күтімсіз, жөндеусіз тұруының бір себебі – қожайындарының жоқтығы"

Мұрат Әбенов Ұлттық парктерді инвесторларға беруді ұсынды

Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан экология мәселелерін шешуге қатысты тапсырмасын қуаттады.

"Біз күннен күнге өзектілігі артып келе жатқан экологиялық мәселелермен айналысуымыз керек. Қазір қоғамның назары да осыған аударылып отыр. Жыл сайын 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық шығады. Оның тек 15% ғана қайта өңделеді. Бұл өте төмен көрсеткіш... Ауылдық жерлерде рұқсат етілмеген күл-қоқыс полигондары көп. Бір рет тексеріс жүргізіп, айыппұл салу және экологиялық шараларды өткізу, мәселені толық шешпейді. Бұл орайда экология министрлігі жүйелі түрде жұмыс істеуі керек",– деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұрат Әбенов Мемлекет басшысы айтқан мәселені шешуге қатысты бірқатар ұсынысын да жеткізді.

"Мен соңғы жылдары Экология министрлігі жүйелі түрде айналысып жүрген осы мәселелерді Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент өз ауызымен айтып, тапсырмалар бергеніне қуанып қалдым. Бұған дейін бұл мәселелер коммуналдық шаруашылық мекемелерінің деңгейінде ғана атқарылып келген. Салада жүйе жоқ болатын. Қалалардың маңында заңсыз ірі қоқыс орындары көп. Медициналық қалдықтар да шашылып жатыр. Осы орайда, біз қоқысты жинаушыларды ғана емес, оны өңдеушілерді де ынталандыра білуіміз керек. Бұл шараларды заңмен бекіту қажет. Депозиттік жүйе, қоқыс өртеуші зауыттар, қалдықтарды қайта өңдеушілерді қаржыландыру мәселелерін де естен шығармайық. Тек сол кезде ғана қоқыстың мәселесі тиімді шешіледі. Сондай-ақ, заңсыз қоқыс тасымалдаушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту керек. Қоқыс тасымалдаушыларға электронды бақылау құрылғыларын орнату қажет. Өйткені, әр бір көлікті полицейлерге бақылатып қою мүмкін емес",– дейді ол.

Осы орайда қоғам белсенді Ұлттық парктердегі жағдайың да мәз еместігін еске салды. Оның сөзінше, ұлттық парктерді шаруашылық тұрғыдан дұрыс басқару және жөнге келтіру тетігі жоқ.

"Көптеген аумақтардың күтімсіз, жөндеусіз тұруының бір себебі – қожайындарының жоқтығы. Бұл әсіресе демалыс орындары, табиғи аймақтарға қатысты. Жақында біз Алматы іргесіндегі Іле-Алатауы ұлттық паркінде болдық. Ол жер қазір қоқысқа толып жатыр. Санаулы ғана қорықшы ол жерді қоқыстан тазартып үлгермейді. Егер де осындай жерлерді жауаптылығы жоғары инвесторларға басқаруға беретін болсақ, менің ойымша, елдегі барлық табиғи аумақтардағы қоқыс мәселесін оңай шешуге болар еді. Сондай-ақ, экологиялық мәдениеттті арттыру да үлкен маңызға ие. Қазір дәл осы экологиялық мәдениетіміздің төмендігінен біз қоқыстарды қалай болса, солай шаша саламыз. Жасыл технологияларды толықтай енгізбей отырмыз", – дейді Әбенов.  

Мұрат Әбенов экологиялық мәдениетті адам бойына жастайынан қалыптастырып қана арттыруға болады деп есептейді. Осы орайда Президенттің мектеп бағдарламасына экология пәнін ендіруге қатысты ойын қос қолдап қолдайтынын білдірді: "Бұл өте орынды. Өйткені, экологиялық мәдениетті жастайынан қалыптастырмаса, есейгенде кеш болады. Қазір Экология министрлігі "Өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі операторларымен" бірлесіп, мектептерде экологиялық сағаттар өткізеді. Қоқысты қалай жинау керек екендігін көрсетеді. Мұны көрген балалар мәселенің маңыздылығына көңіл бөліп, ата-аналарына айта бастаған. Кейін олар да бұл мәселеге жауапкершілік танытуды әдетке айналдырды".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу