Мусин елдегі интернет сапасы төмен екенін ақыры мойындады

642

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин елдегі интернеттің сапасыз екенін ақыры мойындады. 

Мусин елдегі интернет сапасы төмен екенін ақыры мойындады Фото: Ult.kz

Ол осы уақытқа дейін "елдімекендердің 99%-ы интернетпен қамтылды", деп статистиканы ғана баяндап, мәселені жылы жауып қойғанын айтты. Депутаттар алдына шыққан министр саладағы олқылықтардың бірін қалдырмай жайып салды. Оған қоса, туыстарының атына кредит ашып, оларды тақырға отырғызып кеткеннен кейін Бағдат Мусин ведомствосы интернет алаяқтарымен күресуге енді кіріскен сияқты.

Мәжілісмендер алдында 2,5 сағат орнынан тапжылмай тұрып атқарған жұмысы мен жоспарларын баяндаған Бағдат Мусинді депутаттар әбден тығырыққа тіреді. Министрдің елдегі интернет төңірегіндегі мәселелерді ашық айтпасқа амалы қалмады. 

Мусин осы уақытқа дейін ауылдық жерлерді интернетпен қамтығанымен, мәселенің астарын зерттемегенін айтып ағынан жарылды. Ол қазір сапасыз интернеттің себебін былай түсіндірді:

"Интернет сапасы төмен деген шағымдар көп. Оны біз мойындаймыз! Бірақ кейбір факторларға тоқталғым келіп отыр. Қазіргі уақытта цифрлық экономиканың, ойын-сауық (TikTok, Youtube) контенттің өсуі, бизнестің виртуальды кеңістікке шығуы, яғни экономикалық іс-әрекет платформалық модельге өтуіне орай, интернет траффикті пайдалану қарқыны едәуір өсіп келеді. Пандемия кезінен бастап, бұл көрсеткіш 800 петабайтқа жетті", деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

"Байланыс операторлары да сапа параметрлерін сақтамайды" деп ақталды министр. Талапқа сай қызмет көрсетпегендерге айыппұл көлемін мыңнан  15 мың АЕК-ке дейін  ұлғайтыпты. Осылайша, операторлардың да жауапкершілігін арттырып жатырмын деді. Олардан биыл 1 млрд 264 млн теңге ел қазынасына түскен. 

Министр 2027 жылы мәселе толық  шешіледі деді. Елде байланыс операторларына түрлі жеңілдік берілгеніне қарамастан, салаға салынатын инвестиция азайып барады.  

Министр сөзінше, 2020 жылы 169 млрд теңге инвестиция құйылған болса, биыл тек  112 млрд теңге салыныпты.  Үкімет сағатында  мектептердегі жағдай да мәз емес екені де айтылды.  Елдегі 7600 білім ұясының 5 мыңға жуығында интернет жылдамдығы төмен. Салдарынан планшеттердің көмегімен шешілетін  "ауыр сөмке" мәселесінің түйіні күрмеулі тұр. Министр, мектеп директорлары ақшаны үнемдеп, сын көтермейтін ғаламторды пайдаланып отыр деді.

"Кешегі білім саласының қызметкері ретінде айтатыным, бұл қисынсыз пікір. Мектеп директорлары қандай сапалы интернет келіп тұр, соған ақшасын төлейді. Сондықтан, мұндай қисынсыз, орынсыз пікірді айтпауыңызды сұраймын", деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Интернет мәселесін шешу үшін қазір елде "Қолжетімді интетнет" ұлттық жобасы жүзеге асуда. Бағдарлама бойынша, алдағы 5 жылда Интернеттің үй желілеріне ену деңгейі 100 пайызға жету керек. Сондай-ақ, елде 5G технологиясы  75 пайызға жететін болады. Бірақ, оған депутаттар сене ме?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу