Мысырда жүргенде инфекция жұқтырған 3 науқастың денсаулығы дұрысталып келеді

890

142 науқас стационарға жатқызылып, 2500-ден астам адам оқшауланды.

Мысырда жүргенде инфекция жұқтырған 3 науқастың денсаулығы дұрысталып келеді

Қостанай облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Орал Бекмағанбетовтың мәлімдеуінше, қостанайлықтардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіптің алдын алу және коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою мақсатында облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қостанай облысының аумағына карантин енгізу туралы қаулы шығарды. Соған сәйкес 17 сәуір сағат 00.00-ден бастап, 1 мамыр сағат 07.00-ге дейін облыс карантинге жабылады. 

"Ел аумағында мыңнан астам адамның коронавирус індетін жұқтыруы мен 16 адамның қайтыс болуы індеттің аса қауіпті екенін көрсетіп отыр. Туғандарынан айырылған азаматтарға көңіл айта отырып, қалың көпшілікті сақтық шараларын сақтауға шақырамыз. Коронавирус инфекциясы шарықтау шегіне бет бұрды", – деді департамен басшысы.

Орал Бекмағанбетовтың сөзінше, Мысырда демалыста болған кезде инфекция жұқтырған 3 адам инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Олардың денсаулығы дұрысталып келеді. 

"Өкініштісі, 75 жастағы бір адам қайтыс болды", – деді Орал Бекмағанбетов.

Бұдан кейін департамен басшысы Қостанай облысының аумағына карантин енгізілген соң көлік қозғалысы мен адамдардың жүріп-тұруына шектеу қойылатынын айтты. 

"Қостанай облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында карантин кезінде қалай әрекет ету қажет екені жан-жақты жазылған. Қаулымен әр азамат таныса алады",– деді Орал Бекмағанбетов.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Қостанай облысының Жітіқара ауданы карантинге жабылды. Бұған аудан тұрғындарының ағзасынан анықталған COVID -19 коронавирус инфекциясы себеп болды. Осыған қатысты бас санитарлық дәрігер 15 сәуір күні қаулы шығарды. 

"Қостанай облысы Жітіқара ауданының аумағында 2020 жылғы 16 сәуір сағат 00.00-ден бастап карантин режимі енгізіледі. Кәсіпкерлік және халық өмірінде маңызды өзге де қызметтерге рұқсат беріледі. Аудан тұрғындарына халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мамандандырылған автокөліктерден басқа көлік түрлеріне аудан ішінде жүруге тыйым салынады. 18 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан азаматтардың жүріп-тұруы  шектеледі. Тұрғындарға пәтерлерінен қажеттілік болмаса шықпауға кеңес береміз", – деп жазылды қаулыда.  

Қостанай облысы ертеңнен бастап карантинге жабылатынын кеше облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желі арқылы мәлімдеді. 

"Құрметті қостанайлықтар! Бүгін жедел штаб отырысы өтті. Денсаулық сақтау саласының мамандарын тыңдай келе, 17 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап 1 мамыр сағат 07.00-ге дейін облыс аумағында карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл халықты коронавирустық инфекциядан қорғау үшін мәжбүрлі шара екенін атап өткім келеді. Мұндай тәжірибе Қазақстанның басқа облыстарында қолданылуда. Ең алдымен, карантин режимі бізге барлық байланыстарға шектеу қоюға және қауіпті вирустың таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді", – деп жазды облыс басшысы.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу