Жаңаөзендегі "Рахат" шағын ауданындағы көшелердің бірінен нәресте табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Табылған нәресте жайлы ақпарат 11 қыркүйек күні сағат 23:05-те жергілікті тұрғындардан "103" кезекші пультіне келіп түскен. Жедел жәрдем бригадасы жаңа туған нәрестені Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізген.
Баланың салмағы – 2 келі 740 грамм және бойы – 49 сантиметр. Ауруханаға келгенде температурасы 31 градусты көрсетіп тұрған. Кіндігі өрескел кесілген.
"Қазіргі таңда нәресте қарқынды терапия палатасында. Баланың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Оған ылғалданған оттегі беріліп жатыр, өздігінен дем алады, парентеральды диетада болады. Баланың қай жерде дүниеге келгені және қанша күндік екені белгісіз", – деді ведомстводан.