Некені сақтауға көмектесетін семинар-тренингтер іске қосылды – Үкімет

437

Ол үшін екі министрлікті жұмылдырған.

Некені сақтауға көмектесетін семинар-тренингтер іске қосылды – Үкімет Фото: Ашық дереккөзден

Үкімет қыркүйектен бастап некеге тұрған жас жұбайларға арнайы ақпараттық-түсіндіру шараларын бастайды. Некені тіркеуге е-gov порталына кірген беттен-ақ жадынамалар мен арнайы видеолар жариялап, насихатқа білек сыбана кіріскелі отыр. Ол үшін екі министрлікті жұмылдырған. Үкіметтің бұл бастамасы ажырасу мен отбасындағы зорлық-зомбылықты азайта ма?

Бір отбасы боламыз деп серттескендердің тәтті күндері ұзаққа созылмай, өткен жылы 45 мыңдай шаңырақ ойрандалды. Екі жастың бірге тұрудан бас тартып, екіге кетуіне жанұядағы зорлық-зомбылық та бір себеп. Қоғамда белең алған бұл дертпен енді Үкімет дұрыстап айналысқалы отыр.

"Некеге тұрған ерлі-зайыптылар үшін оң ықпалы бар отбасылық дәстүрлер мен рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау, отбасын жоспарлау және ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау мәселесі бойынша некеге тұрған ерлі-зайыптылар үшін ақпараттық-түсіндіру шараларының кешенін іске қосуды жоспарлап отыр", - дейді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Үкіметтегілер әрекетті некеге тұруға өтініш бергеннен-ақ бастамақ. Бұл жолда екі бірдей министрлік, яғни Ақпарат және Цифрлық даму министрліктері жұмылдырылды. Е-gov платформасына кіргендерге жанұя құндылығын насихаттап, түрлі видео мен жадынамалар көрсетеді. Сондай-ақ, трендтегі тренингтер мен семинарларға шақырып, онлайн-офлайн форматтағы бейнероликтер таратып тәрбие бермек. Тек, сарапшылар мұның нәтижелі болатынына сенбейді.

"Біздікілер әлі Кеңес одағының әдетімен жүріп келеді. Халыққа бірдеңе жеткізу керек болса, үгіт-насихат деген сөз пайдаланылады. Қазір бұл жұмыс жасамайды. Ең сорақысы - қаражаттың көп бөлінуі, екіншіден, мұндай шаралардың ар жағында белгілі бір проблемаға ықпалын өлшей алмайды. Қалай өзгерді. Иә, таратпа материал таратылды, тренинг өткізілді мың адамға немесе 20 мың адамға. Телевизордан тағы бірдеңелер жүрді. Бірақ, не өзгеріс болды ешкім өлшей алмайды. Оны 5-10 жылдан кейін көреміз", - дейді психолог, әлеуметтік белсенді Әнуар Жұмабай.

Елде зорлық-зомбылық мәселесі де өзекті. Отбасылық жанжалдарды шешу үшін өңірлерде 68 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. 2025 жылға дейін тағы 143-ін ашуды жоспарлап отыр. Бұл елде мәселенің күйіп тұрғанын көрсетеді. Сондықтан бейнероликтер мен семинар-тренингтердің мәселені шеше қоюы екіталай.

"Ажырасу деңгейі көтерілген сайын, қоғамда әлеуметтік қысым жоғарылайды. Сол кезде адамдардың арасында қарсы көзқарастар көбейеді. Қантөгіске дейін барып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да төмендеуі мүмкін. Бұл халықтың жағдайына қолдау көрсету үкіметтің міндеті. Қазақстанда некеге тұру да оңай, ажырасу да оңай. Шетелді қарайтын болсақ, некеге тұру қиын процесс, ажырасу одан да қиын процесс. Заңдылық тұрғыдан алған кезде біраз қатаңдату керек сияқты", - дейді демограф Аяулым Сагынбаева.

"Бізде заңның мүлтіксіз жұмыс жасауы. Кез келген еркек пен әйел соны білетін болса, ол міндетті түрде полицияға жүгінеді, немесе қолын көтеруден қашады. Бірақ, заңның әлсіз екенін біз де білеміз. Полицияға немесе органдарға барсаң, олар кері қайтарып тастайтынын білесің, ақшамен аузын жауып тастауға болатынын біледі. Үкімет ең бірінші соған назар аудару керек", - дейді психолог, әлеуметтік белсенді Әнуар Жұмабай.

Осыған дейін бір топ депутат елдегі отбасылық проблемаларды шешетін арнайы, дербес агенттік құруды ұсынған. Смайылов мұны пысықтап жатқандарын жеткізді. Атқарушы биліктің атқаратын басқа тірлігі қалмаған ба дерсіз?! Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі емес пе ежелден...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу