Бұл туралы ол өзінің Инстаграмдағы парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
"Елдімекендердегі шаруашылық жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Абаттандыруды қажет ететін жерлерге тұрғындарға аса қажетті үлкен аулалар, саябақтар мен жайлы тынымбақтар салынуда. Бүгінгі кешкілік уақытта қала шетіндегі елдімекеннің бірі Өндірісте (Лесозавод) жүргізіліп жатқан жұмыстарды қадағалап келдім. Ақбидай көшесі, 11 мекенжайында қазір футбол алаңы бар аула жасалды. Бұл балаларға да, аға буын үшін де ыңғайлы болады.
Тайбурыл, 9а көшесінің аумағында шағын саябақ ашылды. Мұнда 1950 жылы салынған жапсарлас үйлер болды. Аумақ бірнеше аймаққа бөлінді: спорттық тренажерлер аймағы, балаларға арналған ойын алаңы және футбол/баскетбол алаңы.
Аула аумақтары мен қоғамдық орынды абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше назар аударамыз. Егілген тал-теректердің саясы ыстық күндері тұрғындардың демалуына жайлы болмақ. Тағы бір жаңалық бл жерге тұрғындардың өтініші бойынша жылы аялдама орнатылды.
Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес Өндіріс елді-мекенінде №23 оқу орнының аумағында мектептің жаңа корпусының құрылысы басталды. Еңселі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. №49 мектебінде күрделі жөндеу жүргіземіз. Кездесу барысында Өндіріс елді-мекенінің тұрғындары бірқатар мәселе көтерді. Оларды жоспарымызға бекіттік", – деп жазды Алтай Көлгінов.
Жалпы, биыл 150 аула мен 50 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырылады.