Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында мемлекет басшысы өңір жұртшылығымен кездесті. Оған еңбегі сіңген ардагерлер, өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары, жастар көшбасшылары, спортшылар, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Елбасы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін дамытуды көздейтін міндеттердің ауқымды екендігін айтты.
Президент тәуелсіздік жылдарында Маңғыстаудың ел өнеркәсібіндегі үлесінің артқанына тоқталды.
"Өткен жылдарда Маңғыстау облысының экономикасы айтарлықтай өсті. Тәуелсіздік алған кезден бастап өңірлік жалпы өнім 32 есе көбейіп, 2 трлн теңгеден асты. 7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 2016 жылы өңірге тартылған инвестиция 400 млрд теңге болды. Бұл – 2000 жылмен салыстырғанда 12 есе артық", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының елеулі энергетикалық, өнеркәсіптік және көлік логистикалық әлеуеті бар екенін айтты.
"Еуразияның дәл ортасында орналасқан Қазақстан әрдайым құрлықтағы ел болып саналып келді. Бүгінгі күні біз құрлық ауқымымен шектеліп қалмай, томаға-тұйықтық шеңберін бұздық. Ақтауда заманауи теңіз портын салдық, бейнелеп айтқанда, "жолсыз жерден жол аштық", – дейді елбасы.
Сондай-ақ президент жүйелі дамудың жарқын мысалы ретінде "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев шекара маңындағы ынтымақтастықтың маңызды әлеуетін пайдалану қажеттігіне тоқталды.
"Қазақстан әрдайым көршілес елдермен достық қарым-қатынас орнатып келеді. Кеше ғана мен Әзербайжанда болдым. Бұл елмен ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндігіміз мол. Соңғы екі жылдың өзінде Маңғыстау облысы мен Әзербайжан арасындағы өзара тауар айналымы бес есе өскен. Аймақтарыңыз Қазақстанды жаһандық және өңірлік нарықтармен байланыстыратын аса маңызды транзит торабы болып саналады. Бұл орасан зор әлеуетті толық пайдалана білген жөн", – дейді мемлекет басшысы.
Сонымен бірге президент өңірдің әлеуметтік саладағы жетістігін атап өтті.
"Тәуелсіздік жылдары облыс тұрғындарының саны екі есе өсіп, 640 мың адам болды. Халықтың өмір жасы да ұзарып келеді. Осы жылдар ішінде 271 мың бала дүниеге келді. Бұл – республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш. Тарихи Отанына 125 мыңнан астам адам оралды. Бұл – тұтас бір қала. Ширек ғасырда медицина мекемелерінің саны 2,5 есе, ал мектептер 2 есе артқан. 229 балабақша пайдалануға берілді", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай мен оны дамыту перспективалары туралы баяндады.
Жұртшылық өкілдері сөйлеген сөзінде өңірді дамыту мәселелеріне ұдайы көңіл аударып, тиімді мемлекеттік саясаты жүргізіп отырғаны үшін мемлекет басшысына ризашылық білдірді.
Соңында мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың назарын еліміздің табысты дамуының кепілі болып саналатын бірлікті, татулық пен достықты сақтау қажеттігіне аударып, маңғыстаулықтарға зор денсаулық және бақ-береке тіледі.