Облыс әкімін қонаққа шақырған ауыл

632

Жамбыл облысында 4 елдімекендегі жұрт аймақ тізгінін енді ұстаған Қарашөкеевті тау етегіндегі газсыз ауылдарға қонаққа шақырды.

Облыс әкімін қонаққа шақырған ауыл Фото: gov.kz

2 мыңға жуық қараша биылғы қысты тағы да көгілдір отынсыз қарсы аламыз деп қапалы. Онсыз да 30 жыл газды сарыла күткен көпшілік қазірден көмір іздеп әуре-сарсаң. Ал қара отынды қалтасы көтермегендер тезек теріп, ағаш жинап жүр.

Бұл биліктен 30 жыл газ сұраған бұқара үні. Құрамына 3 елдімекен енген ауыл Жуалы ауданындағы газы жоқ жалғыз округ. Таулы, желді аймақтың жұрты жиған-тергенін төгіп, қоймаға қазір көмір жинап жатыр.

Қыс қамын жаз ойлаған жұрт, ала жаздай тезегін теріп, көмірін әзірлеп қояды. Бірақ бұқара пайымынша, қара отын құны қазір арзан емес. Тоннасы 30 мыңға дейін шақтайды. Бұған делдалдың қызметін де қосыңыз.

Көмірге қаржы таппаған Лидия Вайстың ауласы тезекке толы. Қоймасында аз-кем ағаш жинаулы. Ас-ауқатқа әзірлеуге газ балоны әзір. Бірақ қауіпті құралды қосқысы жоқ. 

"Қыс болса, мұнда тұрмауға тырысамын. Кейде қаладағы қызымның қолына барамын. Көмір өте қымбат.Тезектің өзіне баға ұшып тұр. Бәрі қымбаттап кетті!" - дейді Қарабастау ауылының тұрғыны Лидия Вайс.

Мұнда әр отбасы 1 қыста кемі 4-5 тонна көмір жағады. Кейбірі 10 тоннаға дейін тұтынады.Күн суытқанда, қара отын құны да мың түрленеді.  Жылусыз үй шаруасын тындыру тіптен мұң.

"Газ кіргіземіз дегенде, 25-тегі келіншек едім, сол газды күтіп-күтіп 65-ке келген кемпір болдым дедім. Әлі жоқ газ деген," - дейді Қарабастау ауылының тұрғыны Шәмшия Дүйсенбаева.

Жұрт шағымы уәде үдеден шықпаған соң, үдеп тұр. Газ енбеуіне бұрын тарату стансасының жоғы себеп болыпты. Ал қазір ауылдан 50 шақырым әріде әлгі станса соғылған. Енді ел істің неге тұралап қалғанын түсінбей дал.

"Барлық жерге газ береді да, неге бізге жетпейді ол газ?! Біздің неміз бар сонда, анау соқырішек сияқтымыз біз. Шетте қалып кеткен, керек емес!" - дейді Қарабастау ауылының тұрғыны Дәдеш Байжұманов.

Мәселеге қатысты облыстық энергетика басқармасы сметалық құжаты сараптамадан келесі айда келеді деп отыр. Артынан бюджетке өтінім берілмек. Министрлік қаржыны құп көрсе, келер жазда газ тартудың құрылысы басталмақ.

"Республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенге байланысты. Құрылыстың болжамды құны 1 млрд тг-ден астам болып тұр. Бір жылдың ішінде бөлініп, қолдау тапса, аталған жұмысты 2024-тің соңына дейін аяқтаймыз", - дейді Жамбыл облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Мәулен Қожақов.

Демек, дүйім-жұрт газсыз тағы 2 қыс амалдамақ. Жалпы өңірде 371 елдімекен бар десек, 97-сі көгілдір отынға зәру. Сорақысы Мойынқұм ауданындағы бірде-бір елдімекенде газ атымен жоқ. Айтпақшы биыл өңірде газ тарифі де 2.8 тг ге қымбаттады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу