Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысында куәгерлерден жауап алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Куәгер Дарын Жанболатұлы сотталушылардың ішінде Нұрқияс Ілиясовты ғана танитынын айтты.
"Кешке Розыбакиев Юлдашқа қоңырау шалдым. Кейін біз Тюкавкина Маринаны үйінен алып кеттік. Содан соң біз әкімшілік жаққа шықтық. Соның алдында тұрдық. Мен, Розыбакиев Юлдаш, Казакенов Арлан, Құсайынов Арлан, Мұхамедиярұлы Дәулет, Тюкавкина Марина, Жанболатұлы Данияр және Рузиев Әбілхан. Одан кейін менің ініме анам хабарласып, үйіміздің жанында бір нәрсе болғанын айтты. (...) Ол төбелес болғанын айтып, сендер соңдасыңдар ма деп сұрады. Артынша біз бәріміз үй жаққа қарай бардық", - деді Дарын Жанболатұлы.
Сөзінше, ол үйдің жанындағы артқы подъезге барған.
Мемлекеттік айыптаушы "Ол жерден "Қамажай" дүкені анық көріне ме?" - деп сұрады.
"Дүкеннің тек артқы жағы ғана көрінеді. Оқиға орнына жеткен кезде жерде жатқан екі жігітті көрдік. Алдында "Sonata" көлігі тұрды. Адам қарасы көп болды", - деді куәгер.
Дарын Жанболатұлы жерде жатқан екі адамның қандай халде болғанын айта алмады.
"Менің түсінгенім бойынша ата-анасының бірі оны алып, көлікке салды. Екі ер адам көтеріп алды. Содан кейін жедел жәрдем, полиция келді. (...) Оқиға орнында екі оқты, кілтті және қанды көрдім. Екі оқтың арасы – екі-үш метр", - деді ол.
Айыпталушы тараптың адвокаты "Екі дана оқты бір кісінің алып жатқанын көрдіңіз бе?" деп сұрады.
"Иә, (бір оқты) әйел адам алып кетті. Ол "Sonata" көлігіне мініп кетті", - деді куә.
Куәгер екінші оқты кімнің алғанын көрмегенін айтты.
Айта кету керек, бұған дейін Талдықорғанда марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысында куәгерлерден жауап алынғанын жаздық. Бұдан басқа куәлердің тергеуде берген жауабы оқылды. Куәгердің бірі марқұм Шерзатты ұрған адамның қандай түсті киімде болғанын айтып берді.