Бұған дейін Павлодар облысына қарасты үш ауылда апаттық мектептер болған еді. Таяуда оның екеуінің орнына жаңа мектеп салынса, жыл соңына дейін тағы бір жаңа білім ордасы пайдалануға берілмек. Сөйтіп, апаттық мектептер болмайды. Содан соң қаладағы мектептердің мәселесі шешілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Облыс орталығында мыңдаған оқушы орны тапшы болып тұр. Сондықтан кейбір мектеп шәкірттеріне үш ауысымда оқуға тура келеді. Аталған мәселені шешу үшін "Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында білім беру мекемелерін салу жоспарда бар. Биыл Достық шағын ауданында және Мақпалеев атындағы мектеп маңында 1200 және 600 орындық ғимараттардың құрылысы басталды.
Ал келесі жылы әрқайсысы 1200 орындық тағы үш мектептің қазығын қағу жоспарда бар. Павлодар қаласының билігі Усолка шағын ауданындағы тапшылықты жою үшін су кемесін жөндеу зауытының орнын қарастырып жатқанын бұған дейін жазған едік. Бұл жерді жергілікті билік мемлекет қарамағына қайтарып алып, кейін өзен жағасында білім ордасын салмақ ойы барын білдірді. Бірақ іске прокуратура араласқан соң қалалық әкімдіктің ескерту хаттарының үші жойылып, кәсіпорын жұмысын әрі қарай жалғастырып, бұл аумақта мектеп салынбайтын болды. Қазіргі уақытта сарапшылар басқа жерлерді қарастыруда. Есесіне Усолка шағын ауданында бұған дейін жоспарланғандай 1200 орындық емес, одан шағын білім ордасы бой көтеруі мүмкін. Себебі үлкен мектепті салар ауқымды жер жоқ.
Жалпы, Павлодар облысында елімізде алғаш болып "Заманауи мектеп" өңірлік бағдарламасы осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданғанын да айта кеткен жөн. Ол білім ордаларын толығымен жаңартып, соңғы үлгіге сай жабдықтауды көздейді. Осы уақытқа дейін аймақта барлығы 33 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 5,7 млрд теңге жұмсалды.
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың айтуынша, алдағы үш жыл дересінде тағы 162 мектеп жаңартылмақ. Дәлірек айтқанда, биыл 24 мектеп заманауи тұрғыда жабдықталса, 2024 жылы 44, 2025 жылы 44 және 2026 жылы 50 білім ордасы жөнделеді. Осылайша, облыс басшылығы қаладағы мектептерде орын тапшылығын жойып, ауылдық елді мекендерде ұзақ жыл жөндеу көрмеген оқу мекемелерін қалыпқа келтіруді ойластырып отыр.