Оның сөзінше, енді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен қоса, оларды дайындаған педагогтарға да біржолғы ақшалай сыйақы беріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Халық қалаулысы "мәселе көтеріп, ұсыныс айтудан қайтпау керек" деген пікірді айтады. Өйткені, мұның бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асады.
– Мәселелерді кезең-кезеңімен шешу – ең тиімді әдістердің бірі. Кейде бір мәселені шешу үшін ұсыныс жасайсың, бірақ ол бірден қолдау таппауы мүмкін. Осындай сәттерде кейбір адамдар беті қайтып, бастамасынан бас тартады. Алайда мәселені қайта-қайта көтеріп, біртіндеп ілгерілетсең, түптің-түбінде оны толық шешу мүмкіндігі пайда болады.
Мысалы, халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына университетке түсу үшін грант беру және біржолғы ақшалай сыйақы тағайындау мәселесін біз екі жыл бойы көтердік.
Тіпті, ашығын айтқанда, министр болған кезімде тек халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары ғана емес, ғылыми жобалардың да жеңімпаздары осы бұйрық жобасына енгізілген еді. Бірақ Қаржы министрлігі "қаражат жетпейді" деп қолдамай, сол бұйрықпен тек олимпиада жеңімпаздары қапмтылған еді, – деді ол.
Осы орайда, депутат Асхат Аймағамбетов ұстаздар мен оқушыларға арналған сүйінші жаңалығын хабарлады.
– Парламентте жұмысты жалғастырып, тиісті түзетулерді әзірлеп, Үкіметке бірнеше рет ұсындық. Алғашқы талпыныстарда қолдау таба алмадық. Одан кейін ұсынысымыз жартылай шешілді: грант бөлу мәселесі мақұлданып, жуырда қабылданған заңға сәйкес, халықаралық ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары енді ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа ие бола алады. Бірақ ақшалай сыйақы жағы тағы қолдау таппады.
Осыдан кейін біз ақшалай сыйақы мәселесін қайта-қайта көтердік. Нәтижесінде, міне, ол да шешімін тапты!
Біздің Комитеттің отырысында халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтарға біржолғы ақшалай сыйақы беру туралы түзетулер қабылданды. Енді Жалпы отырысқа шығарылады, – деп жаңалығымен бөлісті депутат.
Негізінен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев дарынды балаларды қолдау туралы бірнеше рет айтқан болатын.
Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, аталған өзгерістер Президент айтқандай, дарынды балаларды қолдауды күшейтіп, еліміздің білім беру және ғылым әлеуетін нығайтуға ықпал етеді. Сол арқылы Қазақстанның жас ғалымдары әлемдік деңгейдегі жаңа жетістіктерге де қол жеткізбек.