Өңірде тағы бір құс фабрикасы жабылуы мүмкін

605

Павлодар облысында тағы бір құс фабрикасы жабылуы мүмкін. Бұл жолы күркетауық өсіретін кәсіпорынның басына күн туды. 

Өңірде тағы бір құс фабрикасы жабылуы мүмкін Фото: Google

Мемлекеттік қаржылай қолдаудан құр қалған өндіріс, өз күндерін өздері көруге мәжбүр. Оның ақыры мекеменің құлдырауына әкеп соғады. Яғни, Қызылжар құс фабрикасының кебін киюі ықтыимал. Сол себепті кәсіпкер, Үкіметтен субсидия беруді сұрайды. 

Жетекші ауылындағы құс фабрикасы 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізгі бағыттары күрке тауық өсіріп, етін саудалау. 3,5 млрд теңгеге салынған цех жылына 8 мың тонна күрке тауық етін өндіруге қауқарлы. Әйтсе де, қазіргі күні 2,5 мың тоннадан астам ғана шығарады. Тұтынушылары еліміздің барлық аймағы және көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елдері. Өндіріс көлемін кеңейтіп, күніне 30 тоннаға дейін ет шығармақ ойлары бар. Алайда, фабрикаға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болмай тұр. 

"Біз субсидия сұраймыз. Ол өркендеуіміз үшін қажет. Инкубаторлар қаражат құюды қажет етеді. Сол арқылы біз өндіріс көлемін арттыра аламыз. Құс қорасын кеңейтіп, жаңа қондырғылар алғымыз келеді. Оның барлығы арзан емес. Сондықтан бізге қаражат қажет. Жарты жылда нәтижесін берер едік", дейді Құс фабрикасының директоры Ербол Досыбаев.

Фабриканың инвестициялық субсидия алуға мүмкіндігі жоқ. Өйткені, жаңа ережеге сәйкес жылына 20 мың тоннадан артық өнім шығарса ғана қаржылай қолдау көрсетіледі. Кәсіпорын өндіріс көлемін 5 мың тоннаға дейін арттырған жағдайда да, қолдаудан құр қалады. Мемлекеттен берілетін субсидияның жалғыз түрі бар. Ол, құс еті  құнын арзандатқаны үшін алатын ақша.

"2021 жылы "Turkey PVL" кәсіпорнына өнім көлемі мен сапасын арттыру үшін ережеге сәйкес 100 млн теңге берілді. Былтыр 250 млн теңге алды. Субсидиялау нормативінде тірі салмақтың бір келісі үшін 200 теңге беріледі. Бұдан басқа, қосымша тағы 67,6 млн теңгенің өтінімі бар. Олар наурыз-сәуір айларында төленеді. Биыл 83,2 млн теңгеге өтінім бердік. Бірақ жаңа ережеде тірі салмақтың бір келісіне 100 теңге ғана", дейді Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов.

Күрке тауық еті әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енбегендіктен мемлекеттен субсидия қарастырылмаған. Қаржылай қолдау болмаса күндердің күні құрып кетуіміз мүмкін, дейді кәсіпкер. Айта кетерлігі, өңірде тауық етін өндіретін "Қызылжар-Құс" фабрикасының жабылып қалғанына жылдан асты. Жұмыртқа шығаратын "Шарбақты-Құстың" да жағдайы мәз емес. Екі кәсіпорынға иелік ететін құрылтайшысы оларды сатылымға қойған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу