Маңғыстау облысының білім басқармасы "маңғыстаулық мұғалімдердің атынан" жазылған анонимді хаттың авторларын білмейді.
Әлеуметтік желілерге жарияланған ашық хат иелері облыста бала оқыту үшін mektep.edu платформасының пайдаланатынын сынға алған еді. Олардың пікірінше, аймақтағы білім жүйесі де басқа облыстар сияқты "Күнделік" платформасына көшуге тиіс. Ал mektep.edu сервері әлсіз, қолайсыз, үнемі қатып қалады, тағысын-тағы. Оның үстіне, пайдаланушыларға бір жолы "Қазіргі уақытта білім басқармасы бөлген материалдарды сақтауға арналған серверлер толып жатыр. Осыған байланысты біз қашықтықтан оқыту жүйесінде жіберілетін материалдар санын уақытша шектеуге мәжбүрміз. Мәселе шешілгенге дейін оқушылар тек бір сурет жібере алады" деген хабарлама жіберген.
"Біздің облыста расымен де mektep.edu платформасы пайдаланылады және бұл жағдай білім министрлігінің жіті бақылауында. Бұл жүйе облысқа 2010 жылы эксперимент ретінде енгізілген, 2017 жылы сол арқылы электронды оқыту форматына көшуге дайындалдық, одан кейін пандемия болып, карантин басталып кетті. Ал kundelik.kz – электрондық журнал, бізге одан гөрі mektep.edu-мен жұмыс істеген тиімді әрі артықшылығы көп. Статистикаға сүйенсек, облыста қазір бұл платформаға 14850 мұғалім, 149824 оқушы тіркелген, онлайн оқыту кезінде 54826 бейнебақылау сабағы өтіп, 7 млн-нан астам педагогикалық материалдар беріліп, оқушылардан 6,5 млн.ға жуық кері жауап қайтарылған. Оның үстіне, серверді үздіксіз жетілдіріп отыр. Жақында қосымша сервер де берді", – дейді облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Клара Құлатаева.
Ал хатта көрсетілген хабарламаға келсек, ондай жағдай да бір рет орын алыпты. Клара Қашқынбайқызының айтуынша, 13 қазан күні серверге DDOS-шабуыл жасалып, ол 19 қазан күні шарықтау шегіне жетеді. Сол себепті бұл жағдай педагогтар мен ата-аналарға ескертіліп, құқық қорғау органдарына хабарласқаннан кейін жұмысқа кедергі келтірген IP-адрестер анықталған.
"Қазіргі күні мәселе шешімін тапты, бұл кез-келген серверде болатын жағдай, ол ешқандай дау-дамай тудырмаған болатын", – деп түсіндіреді басқарма өкілі.
Ал "Онлайн оқытудың азабы немесе шалғайдағы мәселелерді кім реттейді?" деген тақырыппен жер-жерге хат жолдап отырған "домалақ арыз" иелері кім екенінен облыстық білім басқармасы хабарсыз. Оларды іздестіру аса қиын да көрінбейді, бірақ "хаттың астына жазылған пікірлер онсыз да олардың босқа шу көтеріп отырғанын, онлайн оқытудың техникалық сапасына көңілі толатындарын жазған",– дейді К.Құлатаева.
Құралай Қуатова