Үш айға жуық шарпыған оттан экология қаншалықты зардап шекті? Мұнай ұңғымасындағы газ-су қоспасының 1200 метр тереңдіктен атқылап тұрғынынан қандай қауіп бар?
9 маусымда басталған апатты ауыздықтау үшін, сол күні арнайы штаб құрылды. Өртті сөндіру үшін арнайы алаң дайындалып, көлденең бұрғылау жұмыстары басталып кеткен. Сол үшін 4 ұңғыма қазылатын болады. Алайда, бүгінге дейін жасалған әдістерден нәтиже жоқ.
"Қытай елінен, Польшадан осындай апаттарды жоюға өздерінің тәжірибелері бар мамандар да қосылып жатыр. Біз енді оны сапалы жоюға мән беріп жатырмыз. Себебі: екінші бұрғылау жұмыстары басталып жатқан кезде, екінші апат болдырмау қажет. Жобалық институт қарайды. Құжат бойынша есептеп, қандай қысыммен және қандай тығыздықпен сол бұрғылау ерітіндісін айдау керек екенін анықтайтын болады",- дейді Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов.
Қазір екі ұңғыма жартылай бұрғыланған. Ал қалған екеуіне дайындық жұмыстары жүргізілуде. Экологтар оқиға орнынан апта сайын сынама алады. Осы күнге дейін қоршаған ортаға қандай көлемде залал келді оны ешкім білмейді. Шығын мен залал көлемі апат ауыздықталған соң ғана белгілі болмақ.
Экология департаментінің басшысы Руслан Төкеновтің айтуынша, авариялық жағдай біткеннен кейін, прокуратура органдарына жүгіне отырып, жоспардан тыс тексеріс жұмыстары жүргізетін болады.
"Қазір сол күйде тұр. Өртеніп жатыр. Қазіргі кезде біздің байқауымызбен метан ластауышынан ауытқу байқалып отыр",- дейді ол.
Айта кетейік, Оңтүстік Қаратұрындағы апат ұңғымаларды жөндеу кезінде ауаға газды-су қоспасы атқылап, өртке ұласқан болатын. Салдарынан бір жұмысшы жараланды.