Оралда Құныскерей Қожахметұлына көше берілді

1135

Батыр есімі еліне қайта оралуда.

Оралда Құныскерей Қожахметұлына көше берілді

Орал қаласында биыл республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен 51 көше, бір ықшамаудан, бір даңғылдың атауы өзгерген. Соның ішінде, жақында Чкалов көшесі Құныскерей Қожахметұлы есімі берілді. Бұл шешім қазақ халқының тарихында болған кейбір жайлардың уақыт өте келе оң бағаланып, әділ шешімін табуы ретінде бағалануда. Өйткені, 1920-1930 жылдары кеңестер одағы кезіндегі озбырлықтарға қарсы шығып, қуғын көрген батыр батыс өңірде "банды Құныскерей" деген атпен белгілі болған.

Ол 1885 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға жерінде дүниеге келген. Кейін бас сауғалап, Түркіменстанға қашып кетеді де, сол жақта лақап атпен өмір сүріп, 1965 жылы өмірден өтерінде кім екенін айтып кетеді.

Оның қилы тағдыры жөнінде Хамза Есенжановтың "ағайынды Жүнісовтер" романында айтылады, Марат Мәжитовтің ол жайлы "Құмдағы із", Өтепберген Әлімгереевтің "Құныскерей" деген шығармалары жазылған.

БҚО-дағы Қаратөбе ауданында "Құныскерей үңгірі" деген атаумен белгілі мекен бар, ол жерде қайраткер қуғын-сүргінде жүріп өзін қуған әскерлерден бой тасалаған.

"Кеңес билігі орнатқан жаңа тәртіп пен ұжымдастыру науқанына ашық қарсы шыққан атамыздың аты ақталып, дәріптеліп жатқанына ризамыз. Олардың тарихтағы орны осылай айқындалуы тиіс еді", - дейді қайраткердің төртінші ұрпағы Мұхтар Өтесов. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу