Оралда Жұбан Молдағалиевке ескерткіш орнатылды

2017

Биыл ақынның ғасырлық мерейтойы тойлануда. 

Оралда Жұбан Молдағалиевке ескерткіш орнатылды

Орал қаласында қала күні қарсаңында биыл туғанына 100 жыл толып отырған ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткіші ашылды. Шараға ақынның жұбайы София Молдағалиева арнайы келіп, облыс әкімі Ғали Есқалиев ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Онда "Жұбан Молдағалиев Отанға деген ыстық махаббат пен ерекше сүйіспеншілікке толы туындылары арқылы тұтас халқымыздың рухын асқақтатты. Әсіресе, оның "Мен – қазақпын!" атты поэмасы ұлттық ерекшелігімізді айшықтап, қанымызға сіңген асыл қасиеттерімізді дәріптейді. Сондай-ақ, қазақтың намысын жанып, елдікке шақырады, ерлікке үндейді. Халқымыз Жұбан Молдағалиевтің қоғамды дамыту мен әдебиетімізді өркендетуге сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды" деп жазылған.

"Мен бұл сапарға ұзақ дайындалдым, осы шараға қатысу үшін көптен ешқайда шыққан да жоқ едім. Сіздерге көп рахмет, алдарыңызда басымды ием!", – деп тебіренді балалары мен немерелерін ертіп келген София Мәлікқызы. 

Айта кетейік, ескерткіштің биіктігі 3,5 метр, табиғи граниттен құйылған тұғырнамасы 1,7 метр құрайды. Оны республикалық байқаудан ұтып шыққан сәулетші-мүсіншілер Серік Рүстамбеков пен Ербол Зиябеков қалаған. Рустамбековтің өзі Жұбан Молдағалиевтің ұлымен бірге оқып, ақынды көзі тірісінде көріп, араласқан екен. Ескерткіштің тасы Алматы қаласынан алынып, Оралдағы "ҚазАрмаПром" зауытында құйылған. Оны жасау үшін облыстық бюджеттен 76 млн теңге бөлінген. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу