Оралдағы қылмысқа қатысты жайлар ашылып жатыр

1233

Қызғаныш соңы кісі өліміне алып келген.

Оралдағы қылмысқа қатысты жайлар ашылып жатыр

Орал қаласында әйелін пышақтап өлтірген қалалық әкімдіктің бұрынғы қызметкеріне қатысты мән-жайлар анықталуда. Әзірге ауыр қылмысқа қызғаныш себеп болды деген болжам бар, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Орал қаласында пышақ жарақатынан ауруханаға түскен әйелдің көз жұмғаны жөнінде жазған болатынбыз. Белгілі болғандай, Бауыржан Хайруллин мен Айнагүл Хайруллина өткен жылы ажырасып кеткен. Екеуінің 8 және 6 жастағы екі баласы бар.

Дегенмен, бұрынғы күйеуі әйелді қайта-қайта қорқытып, қоқан-лоқы жасап жүреді екен. Сол себепті, марқұмның жұмыс орнындағы басшысы күдіктінің суретін есік алдына іліп қойып, күзетшілерге ішке кіргізбеуді тапсырған.

Қайғылы оқиға болатын күні де ер адам бұрынғы әйелімен "сөйлесуге" келіпті. Кейін белгілі болғандай, ол қолына пышақ ұстай келген. Оның әйелге пышақ сұғып алғанын көрген куәгер де болып шықты. Қаскөй әйелін 18 жерінен пышақтаған. Кәсіпорынның қызметкерлері дереу жәдел-жәрдем шақырғанмен әйел ауруханаға жетісімен көз жұмады. Полиция көлігіне отырып, кетіп қалған ер адамды 20 минуттан кейін қолға түсіреді.

"Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Енді күдіктінің қылмысы дәлелденсе сегіз жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін", - дейді БҚО баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садығалиева.

Болған жайдан кейін ерлі-зайыптылардың үнемі жанжалдасатыны, күйеуінің келіншегіне зәбір көрсетіп келгені жер-жерде айтылып, жазылып жатыр. Оны туыс-туған да, көрші-көлем де, ұжымдастар да білген.

"Біреудің отбасындағы ұрыс-керіс" деп ешкім араласа қоймаған. Осы қыста күдікті тағы бір рет әйелінің жұмыс орнына келіп, оны көлігіне отырғызып алып кетіп, ашу үстінде қолын тіліп тастапты. Марқұм күйеуінің үстінен полицияға арыз беріп, көп ұзамай онысын қайтып алады. Өкінішке қарай, облыста бұрын да ашу үстінде өз ісіне есеп бермейтін қызуқанды, қызғаншақ ер адамның кесірінен аса қайғылы жағдай орын алған-ды. Былтыр ғана Тасқала ауданында әйелі мен екі қызын өртеп жіберген Серік Қапизов өмірбақи бас бостандығынан айырылды. Бұл жөнінде inbusiness.kz сайтында жазған болатынбыз. Ол кезде де әйелдің он жыл бойына көмек сұрағанына қарамастан ауылдастарының оларды "жарасып кетесіңдер" деп күштеп қосып отырғаны белгілі болған еді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу