Орталық Азия экономикалық дамуға ғана емес, миллиондаған адамдардың өміріне қауіп төндіретін ауыр су дағдарысына тап болды. Климаттың өзгеруіне және суды тиімсіз басқаруға байланысты тұщы судың жетіспеушілігі аймақ елдері үшін айтарлықтай қиындық туғызды. Жаз басталымен Орталық Азияның астаналары мен көптеген шағын қалалары ауыз суға қол жетімділіктің өткір проблемасына тап болады деп болжанып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Қазақстанның ірі қалаларында судың болмауы
Қазақстан – "су қоры бойынша тәуелді" ел. Оның аумағының тек 2,8%-ында су бар, ал үштен екісі құрғақ аймақтар. Су ресурстарының едәуір бөлігі көрші елдерден келеді, сондықтан республика үшін трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі маңызды. 2030 жылға қарай тұщы су көлемі 5 есеге, 23 км3 дейін қысқаруы мүмкін.
Қазақстанның астанасы Астанада су жетіспеушілігі байқалады, бұл қаладағы ресурстарға қол жеткізудегі теңсіздікті көрсетеді. Былтыр 2023 жылдың мамыр айынан бастап Астанада судың қайта-қайта берілмей қалуына наразылық туындады, тіпті елордадағы екі көппәтерлі үйдің тұрғындары проблемаға назар аудару үшін жолды жауып тастады. Наразылықтар ауа температурасы 38-40 градустан жоғары болған кездегі қатты ыстыққа сәйкес келді.
Бішкек ауыз сусыз
Қырғызстан астанасында – Бішкекте бірнеше күн бойы тұрғындар таза ауыз суға қол жеткізе алмады, бұл наразылық толқынын тудырды және жаппай наразылық акцияларына, соның ішінде Қырғызстан астанасының негізгі жолдарын жабуға әкелді. Қала билігі жағдайға ден қою шараларын енгізіп жатыр. Атап айтқанда, олар халықты күнделікті өмірде суды аз жұмсауға, үй учаскелері мен жасыл желектерді суару кезінде ауыз суды пайдаланбауға, ал бизнесі көп мөлшерде суды тұтынумен байланысты кәсіпкерлерді оны пайдалануды біраз уақытқа тоқтатуға шақырды.
Бішкек – Орта Азияның ірі қалаларының бірі, онда жер асты суларының қорларын басқаруға қатысты билікке сын күшейе түсті.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Қырғызстанның 300-ден астам ауылында сумен жабдықтау жүйесі болмаған. Тағы 600-інде су құбырларының тозуына немесе су құбырын жүргізу бойынша жұмыстардың тоқтауына байланысты таза су жоқ. Елде барлығы 1800-ге жуық елді мекен бар. Миллионға жуық қырғызстандық таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Қазіргі уақытта ел халқының 40%-ы арықтардан, өзендерден, каналдардан, бұлақтардан су ішеді.
Ташкенттен басқа Өзбекстанның барлық өңірлерінде ауыз су өшіріледі
Өзбекстан су тапшылығы бар әлемнің 164 елінің тізімінде 25-орында тұр. Бұл дүниежүзілік Ресурстар Институтының (WRI) есебінде айтылған. Зерттеуге сәйкес, Өзбекстан су тапшылығы жоғары 27 елдің тізімінде. Өзбекстанның гидроэнергетикалық ресурстары бүкіл ел аумағының небәрі 4,92%-ін құрайды, жалпы су ресурстары – жылына 50-60 км3, оның тек 12,2 км3 республика аумағында, ал қалған су көлемі Тянь-Шань және Памир-Алтай тауларынан, жазда еріген қар мен мұздықтардан келеді. Су ресурстарының негізгі бөлігі мақта алқаптарын суаруға жұмсалады. 2030 жылға қарай республика халқы шамамен 40 млн адамға дейін өседі деп болжануда, бұл қолда бар су ресурстарының 7-8 км3 қысқаруына әкеледі. Бұл су тапшылығы 2030 жылға қарай артатынын көрсетеді.
Орта Азия елдеріндегі су жестіспеушілігін қалай шешуге болады?
Елдер арасындағы ынтымақтастық. Орта Азиядағы су дағдарысын еңсерудің негізгі факторларының бірі – өңір мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық. Әмудария және Сырдария өзендері – Орталық Азия елдері үшін трансшекаралық су ресурсы. Елдер су ресурстарын әділ және тиімді пайдалану қағидаттарына негізделген келісілген іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, іске асыруы қажет. Алайда су мәселелерімен айналысатын аймақтық құрылымдар шектеулі әлеуетке және мүдделі тараптар арасындағы өзара сенімділіктің болмауына тап болады. Орта Азияның су-энергетикалық бағдарламасы шеңберінде өңірде су және энергетикалық қауіпсіздікті арттыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жыл сайынғы су форумдары мен түрлі деңгейдегі кездесулер жүзеге асырылады. Алайда қазіргі уақытта су саласындағы ынтымақтастықты жақсарту бойынша нақты қадамдардың жоқтығы байқалады.
Су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру. Өңір елдері суару жүйелерінің тиімділігін арттыруға, су ресурстарын басқарудың озық технологиялары мен әдістерін енгізуге күш салуы керек. Бұған суару жүйелерін жаңарту, тамшылатып суаруды пайдалану, су шығынын азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін заманауи ауылшаруашылық тәжірибелерін енгізу кіруі мүмкін. Сонымен қатар, жаңбыр суын жинау және сақтау, сондай-ақ, өнеркәсіптік және тұрмыстық пайдалану үшін инфрақұрылымды дамыту маңызды.
Баламалы су көздерін дамыту. Орта Азиядағы су жетіспеушілігін шешуде маңызды рөл атқара алады. Мүмкін болатын жолдардың бірі – жер асты су ресурстарын игеру және теңіз суын пайдалану. Өңір елдері трансшекаралық су жобалары саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін де қарастыра алады. Орта Азиядағы су дағдарысы өңір елдері тарапынан шұғыл және үйлестірілген іс-қимылды талап етеді. Климаттың өзгеруімен күресу үшін ұлттық және аймақтық деңгейде әрекет ету және сонымен бірге, тұрақтылықты арттыру және су қауіпсіздігін нығайту қажет. Осы салалардың барлығында тиімді шаралар қабылдау Орта Азиядағы миллиондаған адамдардың өмірін өзгертеді.