Бұл тұрмыстық қалдықтар Өскеменнің шеті емес, дәл орталығындағы үйлердің ауласында. Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойы. Қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан шығып, асып төгіліп жатыр. Шығарылмағанына біраз болды дейді, осы маңдағы тұрғындар.
"Бұл жердің қоқысы апталап шығарылмайды. Үсті-үстіне үйіліп жатыр. Қазір тіпті қайда тастарыңды білмейсің. Ақшасын төлемей қойсаң, дереу жетіп келеді. Ал өз міндеттерін дұрыс орындамайды", дейді қала тұрғыны Татьяна Тарасова.
Жалпы Өскемендегі тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 2 компания айналысады. Олар бұған дейін 400 мыңға жуық халқы бар қаланы тазарту үшін тарифті көтеру керектігін айтқан болатын. Ол өтініштері жерде қалған жоқ. Бағаны өсірді. Қазан айынан бері бір адам қоқыс үшін 431 теңге төлейді. Бірақ тазаланбайды. Жауапты мекеме басшылығы бұл мәселені жүргізуші жетіспеушілігінен көріп, өзге де себептерді сылтау етті.
"Ия, ол шықпай жатқанын біліп отырмыз. Оны мойындаймыз. Шығарып жатырмыз ақырын-ақырын. Көбінесе сол қоқысқа кіретін жерлердің қары күрелмеген. Біздің көліктер батып қалып жатыр. екі-үш рет барып, өзіміздің тракторлармен шығардық", дейді "Өскемен СпецКоммунТранс" ЖШС шебері Тілек Ғабитов.
"Өскемен СпецКоммунТранс" ЖШС-ына қоқысты уақытылы шығармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке де тартылған. Соңғы рет 40 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды 2 күн бұрын ғана төлеген.
"Тұтынушылардың қарызы көп болса, қоқыс шығаратын мекеме толық жұмыс істей алмайды. Бұл да бір кедергі. Сонымен қатар, мекеменің ішкі менеджменті дұрыс қалыптаспаған. Яғни, жұмыс әу бастан жүйелі түрде ұйымдастырылмай отыр деуге болады", дейді "ECOJER" қауымдастығы филиалының жетекшісі Елена Березинская-Абилова.
Өскеменде барлығы 1740 көпқабатты үй бар. Ал көлемі 0,75 текше метр болатын бір қоқыс жәшігі 136 адамға арналып есептелген. Алайда, бір пәтерге бір азамат қана ресми тіркеліп, өзге 5-6 адам тұра беретін жағдай көп. Бұл да қоқыс шығарушыларды есебінен жаңылтатын жағдай.
Жанболат Санияз