Өскемендік интернет қолданушылар арасында қаладағы Үлбі металлургиялық зауытында 12 адамның аммиактан уланғаны туралы хабар тараған болатын.
"2 желтоқсан күні түнгі сағат 22:30 шамасында "ҮМЗ" аумағында жұмыс істеп жүрген 12 адам аммиактан уланып, екеуі облыстық ауруханаға түсті. Жұмысшылардың улануы не себеп болғаны анықталып жатыр", – делінген WhatsApp арқылы тараған мәліметтердің бірінде.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі аталмыш оқиға туралы ресми мәлімет таратты.
"2 желтоқсанда ауысымда жұмыс істеген "Өскемен шаруашылық басқармасы" ЖШС-нің 16 жұмысшысының 12-сі жедел жәрдем қызметіне бас айналу және жүрек айну шағымдарымен жүгінді. Олар бірінші қалалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді. 11 қызметкер ауруханаға жатқызылды, біреуі жатудан бас тартты. Әзірге 11 қызметкердің де жағдайы қанағаттанарлық. Талдау нәтижелері екі-үш күн ішінде дайын болады", – делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Аталмыш жұмысшылар зауыт аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде уланса керек.
"Аталмыш қосалқы мердігерлік ұйым қалдық қоймасы алаңында нысандар салумен айналысады. Нысан "ҮМЗ" АҚ аумағынан тыс жерде орналасқан. Компания мамандары оқиға орны ретінде көрсетліген ауданда ауа сынамаларын алып, зертханалық өлшеу жасады. Ауа құрамында аммиактың қалыптан тыс артуы анықталған жоқ. Кәсіпорынның технологиялық процесінде ауытқу болған жоқ. Барлық бөлімшелер, соның ішінде қалдық қоймасы да әдеттегідей жұмыс істейді", – делінген "ҮМЗ" АҚ мәліметінде.
Есімжан Нақтыбайұлы