Отандық кәсіпкерлер "жайлы мектеп" ұлттық жобасынан тыс қалуы мүмкін

590

2024 жылға дейін елімізде жаңадан салынған 217 білім ордасы есігін айқара ашпақ. 

Отандық кәсіпкерлер "жайлы мектеп" ұлттық жобасынан тыс қалуы мүмкін Фото: Фото: azattyq-ruhy.kz

Отандық өнім қолданылмаса, айыппұл салыну керек. "Атамекен" палатасы еліміздегі Жайлы мектептердің құрылысына қатысты осындай ұсыныс білдірді. Бірақ жоба операторы мұнымен келісе қоймады. Өзімізде шықсын, шықпасын өнім сапасыз әрі қымбат болса, оны алуға міндетті емеспіз дейді. Айтуынша, бұл жоба шағын кәсіпкерлікті көтеру үшін жасалып жатқан шара емес.

Бұл құбыр жасап шығарумен айналысатын отандық компания. Өнімдерінің жарамдылық мерзімі  50 жыл. Көбіне жылу электр орталығы сынды ірі мекемелермен жұмыс істеген. Ал мектепке құбыр орнату тіпті қиындық тудырмайды дейді. Сондықтан "Жайлы мектеп" ұлттық жобасына қатысуға үмітті.

"Сапасы бағасына сәйкес келеді. Қалдықтарды алып, арзан қып алуға болады. Ол бірақ кейіннен атылып кетеді. Бірінші рет емес, өз көзіммен көргем атылып, қайтадан жасағанын. Үш есе қымбаттайды. Ал бір рет сатып алсаңыз, бағасы қымбат болса да, ешқашан оны ойламайсыз, ұмытып кетесіздер. Мектептікі диаметрі кішкентай, оларды ешқандай проблемасыз қамтамасыз етуге болады", - дейді Отандық компания өкілі Әлібек Дөненов.

Дегенмен, жаңа мектептерді тұрғызуда отандық өнімдер қолданылатынына кепіл жоқ. Себебі, құрылыс компаниясы қажетті материалды өзімізде бола тұра, сырттан алдыртқан болса, ешқандай жазаға тартылмайды. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы осыған байланысты дабыл қағып отыр. Конкурс талаптырына қатысты да күмән көп.

"Құрылыс компанияларына қойылатын талап тым жоғары. Әсіресе салыққа қатысты. Мектеп салатын компания бір жылда 500 миллион, яғни бес жылда 2 жарым миллиард салық төлеуі тиіс. Біздің ойымызша, бұл конкурстағы бәсекелестікті төмендетеді. Мұндай шартпен оған тек ірі компаниялар қатыса алады. Бірақ біз шағын және орта бизнеске мүмкіндік беруіміз керек қой", -деді "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин.

Сондықтан палата ұлттық жобаны жүзеге асыруға барынша көп кәсіпкер қатысса екен, қайткенмен де қазынадан кеткен қыруар қаржы өзімізде қалғаны жақсы,-дейді. Бұған дейін Индустрия министрлігі де құрылыс материалдары мен жабдықтардың 70 пайызы өз өндірушілерімізден алынатынын айтқан. Ал Жоба операторы болса отандық кәсіпкерлерден қашып отырғанымыз жоқ, тек сапаға мән беру керек деген ойда.

"Сапалы болу керек ең бастысы. Бүкіл өңірде құрылған комиссиялардың талабына сәйкес болу керек. Сол болса, қабылдаймыз. Егер сапасыз болса, неге біз оны алуымыз керек? Бағасы қымбат болса, неге алуымыз керек? Бұл шағын кәсіпкерлікті көтеру үшін жасалып жатқан шара емес қой",- деп атап өтті "Samruk-Kazyna Construction" АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов.

Қос тараптың дискуссиясына қарамастан, бүгінгі күнге дейін 185 мектеп бойынша конкурстық өтінімдерді қабылдау процесі аяқталып қойды. 2024 жылға дейін елімізде жаңадан салынған 217 білім ордасы есігін айқара ашпақ. Не де болса, жобаның бастапқы мақсаты орындалуы тиіс. Ол үш ауысымдық пен апаттық мектептерді жою болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу